Дүниеге келген 1 Мамыр 1949
Дүниеден өткен 9 Сәуір 2017
Шығармашылығы Режиссер
Бағыты Театр режиссері
Сыйлықтары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты

Өмірбаяны

Жанат Әубәкірұлы Хаджиев – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығынын иегері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. 1949 жылы 1 мамырда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген.

1956-1966 жылдар аралығында мектеп қабырғасында білім алып, 1967 жылы Мәскеу қаласындағы М.С.Щепкин атындағы жоғары театр училищесінің «Театр актері» мамандығына оқуға түсті. Мәскеудегі оқуын 1972 жылы тәмәмдап, алғашқы еңбек жолын Торғай облыстық драма театрын ашуға жолдама алуымен бастайды. 1975-1980 жылдары Алматыдағы «Театр және көркемсурет» институтының «Режиссер» мамандығында білім алуымен өткізеді.

Шығармашылығы

Еңбек жолын институттағы білімін аяқтай салысымен 1982 жылға дейін Қазақстанның мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында қоюшы-режиссер қызметін атқарумен бастады. 1982 жылы Торғай облыстық музыкалық-драма театрының Бас режиссері мен көркемдің жетекшісі ретінде қызмет атқарды. 1988 жылы Торғай облысының жабылуына байланысты, театр Жезқазған қаласына қоныс аударып, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған Қазақ музыкалық-драма театрының ашылуына ат салысып, сол жерде Бас режиссер ретінде қызмет етеді. Ал, 1999 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер болып еңбек етіп келеді. 2000 жылдан бастап, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық етіп, шәкірттер дайындау ісіне атсалысуда. Қазақ театр сахнасында 100-ден астам спектакльдер  қойған  режиссер 2017 жылы 9 сәуірде дүниеден өтті.

Xаджиев сахналаған Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», А.Вампиловтың «Сүйінші, табылды, табылды!», Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік», Қ.Ысқақовтың «Таңғы жаңғырық», А.Дударевтің «Тосқауыл», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», М.Әуезовгің «Қарагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек», К.Ахметовтің «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым», И.Вовнянконың «Тентек теңізші» т.б. қойылымдар режиссерлік тың шешімдерімен ерекшеленіп, көрермендер мен театр сыншылары тарапынан аса жоғары бағаланды.

Фестивальдер мен жүлделері

  1. 1980 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумының Грамотасымен марапатталды.
  2. 1985 жылы Тбилиси қаласында өткен Жастар театрларының Халықаралық фестиваліне «Қыз махаббаты» (авт. Ә.Тарази) спектаклімен қатысып, жүлделі орынға ие болған.
  3. 1989 жылы Бішкекте өткен Орта Азия мен Қазақстанның «Наурыз» атты театр фестивалінде «Қыз Жібек» (авт. Ғ.Мүсірепов) спектаклімен қатысып лауреат атанды.
  4. 1992 жылы Ғ.Мүсіреповтің 90 жылдығына орай Республикалық театр фестивалінде Ж.Хаджиев қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі Бас жүлдені жеңіп алды.
  5. 1993 жылы Мысыр елінде өткен (Каир қаласы) Халықаралық театр фестиваліне Қазақстаннан алғаш болып, Ж.Хаджиев қойған спектаклімен қатысты.
  6. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған Республикалық театр фестивалінде ол қойған «Ерте ояндым…» (М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша, инсц. жасаған К.Ахметов) спектаклі Гран-При иеленді.
  7. 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған Республикалық театр фестиваліне «Қарагөз» спектаклімен қатысты.
  8. 1999 жылы Ш.Айтматовтың 70 жылдығына арналған Халықаралық театр фестивалінде Ж.Хаджиев қойған «Арманым – Әселім» (авт. Ш.Айтматов) қойылымы лауреат атанды.
  9. 2002 жылы Махамбеттің 200 жылдығына арналған Республикалық театр фестивалінде І.Жансүгіровтің Ж.Хаджиев қойған «Исатай мен Махамбет» тарихи драмасы Гран-При жеңіп алды.
  10. 2004 жылы С.Жүнісовтың 70 жылдығына арналған Республикалық театр фестивалінде «Тұрымтайдай ұл еді…» (жас Абылай) спектаклі Гран-При иеленді.

Марапаттары:

  • 2003 ж. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»
  • 2004 ж. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты
  • 2016 ж. «ҚР Тәуелсіздікке 25 жыл» медалі

Дайындаған: Ақмарал Нұрлан

18 Мамыр 2017
1346
0
0