Клара Исабаева, Ақбота Алимхожина. Сарыарқаның маржаны

Шексіз қазақ даласының дәл ортасында тез арада дамып үлгерген, мәнді мағынасымен ерекшеленген футуристік қала біздің тәуелсіздігіміздің жарқын символына айналды. Дала – қазақтың мақтанышы, көшпенділер өркениетінің алтын бесігі. Тәуелсіз Қазақстан астанасының осы жазық даланы таңдап алуы кездейсоқ емес.

Гульжамал Тагенова. Астана, 2018

Клара Исабаева

Ақбота Алимхожина


Сарыарқаны бойлай, негізінде барлық өлке бірдей қашықтықта орналасады екен – мұнай мен балыққа бай Каспий, яғни Батыс Қазақстаннан бастап, жылы және қонақжайлығымен тамсандырған, бақшасы мен бағына бай ежелгі Шымкент, Тараз және Алматы қалалары, Оңтүстік Қазақстан; бірегей табиғи ресурстарымен, тауларымен, әсем көлдер мен жасыл ормандарымен ерекшеленген Шығыс Қазақстан; түркі халықтарының ата-бабаларының мекені ежелгі Алтай; елдің сарқылмас қоры Солтүстік Қазақстанға дейін.

Ата-бабаларымыз қорғап келген әлемнің тоғызыншы орнында тұрған ел үшін, жеріміздің барлық өңірлеріне мақтаныш әкелетін, тәуелсіздік идеясын, «Мәңгілік ел» идеясын біріктіре алатын теңдесі жоқ інжу лайық еді. Болашақ қазақстандық ұрпақтарға арналған мұндай жауапты тапсырманы орындау оңай емес еді. Сол кезеңде бүкіл халық Сарыарқа орталығында астананы салу туралы идеяға күмәнмен қарады, бірақ уақыт өте келе бұл шешімнің дұрыстығы дәлелденді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың шешімдері мен Қазақстанның солтүстігіндегі бірегей қала мен инфрақұрылымның құрылуы орынды болып шықты. Ауыр климаттық жағдайларға және басқа да кедергілерге қарамастан, Астана құрылысшылары Мемлекет басшысы қойған тапсырманы орындады және жазық далада ерекше құрылымды қала пайда болды. Тәуелсіз Қазақстанның астанасы заманауи әлемнің шындықтары негізінде жасалды, оның құрылысында XXI ғасырдағы қала құрылысы өнерінің ең озық технологиялары мен инновациялық әдістері қолданылды. Соған сәйкес, біздің бас архитектор Қазақстандағы болашақ ұрпақ үшін өз тілегін мәңгілікке сақтап қалғысы келді - зерттеу, жаңа биіктерге ұмтылу, басқа халықтар арасында прогрессивті болу, сонымен қатар, табиғи ресурстардың азайып бара жатқанын ескеру - жаңа технологияларды енгізу, ел болашағын ойлауды аманат етті. Жоғары мақсаттар мен міндеттерді орындау жолында жаңа тәуелсіз мемлекеттің астанасы - Астананы құру бойынша жүйелі және жігерлі жұмыс басталды. Әлем бойынша 40-тан астам сәулетшілер қаланың салынуы бойынша халықаралық байқауларға қатысты. Астана бос жерде емес, Ақмола әскери бекіністері негізіндегі, 19-шы ғасырдың басында қаланған бұрынғы аймақтық Целиноград қаласының орнында пайда болды. Қала аумағымен Есіл өзені ағып өтеді, ол қаланы оң және сол жағалауға бөледі. Қазақстанның жаңа астанасы Есілдің сол жағалауында салынып, жас қала болашаққа ұмтылған, дамудың ашық жолына айналды. Норман Форстер, Манфредо Николеттидің керемет футуристтік шедеврлері, Кисе Куракаваның қалалық жоспарлау шешімдері, көне саксондық әшекейлермен, әдемі театрлар мен мұражайлар, көрікті жағажайлар, көркемөнер көпірлерімен, спорттық алаңдар мен саябақтар, әсем ойын алаңшалары бар көркем гүлзарлар қазақстандықтарды кәсіби және рухани өсудегі жаңа жетістіктерге шабыттандырды.

Гульжамал Тагенова. Астана, 2018

Астана қала құрылысы ансамблінің композициялық орталығы - «Ақорда» Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы болып табылады. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерімен қолданылған. Оның негізгі элементтері: «Хан шатыры» - ең ірі архитектуралық жоба көзі; «Бәйтерек» - монументі биік темір құрылымдарынан, шыны, метал және бетоннан тұрғызылды. Ол қазақ халқының қайта өрлеуін, бейбіт өмір мен ұйымшыл мемлекеттіктің, мәңгілік дархан даланың символы болды; «Бейбітшілік пен келісім сарайы» - бірлік пен достықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі болса; «Қазақ елі» - Қазақстанның Тәуелсіздік ескерткішінің символы, оның биіктігі 91 метр - еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жыл­дың белгісіне айналып, монументте қолданылған ақ түс - қазақстан­дық­тардың адалдығын, бау­ырмашылдығын, ақ ниетін меңзеді. Сәулет ансамблінің осі Ұлы дала дәстүрлерін, Еуразия мәдениетін алға жылжытуды, заманауи әлемдік өркениеттің бөлігі ретінде күшті Қазақстанды құруда толеранттылықты бейнелейді. Ақ Орданың маңызды ерекшелігі – қазақ бейнелеу өнерінің бірегей жинағы болып табылады. Ұйымдастырушылар идеясына сәйкес, резиденцияны безендірген қазақ суретшілерінің шығармалары Батыс пен Шығыстың теңгерімін құрайтын еуропалық мәдениетте дала өркениетін танытуға, сондай-ақ Қазақстанның ұлы өркениеттердің мәдениетін біріктіретін мемлекет ретінде қалыптасуына шақырады. Мұнда Талғат Тілеужанов, Ерболат Түлепбай, Ағымсалы Дүзелханов, Нэлли Бубе, Нұрлан Болатбеков, Қазақбай Әжібеков және т.б. суретшілердің қойылымдары қойылды. Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы ғана емес, сондай-ақ елдің Парламенті, Сыртқы істер министрлігі және Астана қаласының басқа да мемлекеттік ғимараттары – қазақ суретшілерінің туындылары - картиналар, мүсіндер және қолданбалы өнер туындыларымен безендірілді.

Тәуелсіздікке қол жеткізу, ұлттық өзін-өзі танудың өсуі, Қазақстанның көптеген қалаларының пайда болуының өзгеруі монументалды және монументалды-сәндік өнері мүсін ретінде бейнелеу өнерінің бұл түріне жаңа серпін берді. Осы орайда дәл осы мүсін өнерінің жаңа астананы құрудағы маңыздылығына толығырақ тоқтала кетсек.

1970-80-ші жылдары көптеген мүсіншілер өңдеу мен «декоративизмнің» одан әрі тасымалдануы арқылы және шығыс дәстүрлері мен мәдениетінің стильдік ерекшелігін, әрине, бірінші кезекте Орталық Азияның негізінде іздеу жолында болды. Ежелгі түркілермен байланыстырылатын мүсіндеме элементтерін жасаудың алғашқы нышандары пайда болды. Мүсіншілер халықтың аса бай қиял әлемінің туындылары – эпикалық және ертегі кейіпкерлеріне жүгінді. Сонымен қоса, суретшілер осы бағытта алға қойған міндеттер талабымен сол бір қажеттілік шараларының шарттарына сай, суреткерлік мәнер бойынша өзіндік жолдарын іздестіруге кірісті. Бұл тікелей халық шығармашылығының өзіне тән фольклорлық аңғырттығын түсініп, бұйымдарының сыйқырлы мағынасы мен нышандарын игеру арқылы халықтың өмірі мен жан дүниесін тануға тікелей жасалған алғашқы қадам болды.

80-жылдардың соңында көркемөнер аренасына шыққан қазақстандық мүсіншілердің келесі буынына классикалық мүсіндемелерге қарағанда, материал жиынтығын іс жүзінде басқаша көре білу үрдісі тән болды. Олар пластиалық ою-өрнекке айналдырылған бейненің ішкі құрылымын шын мәнінде құра отырып, оның мейлінше «жеңілдетілуіне» ұмтылды.

Ал, Тәуелсіздік жылдардағы мүсін өнерінде сәндік-модернистік сипаттағы композиция және орталық кеңістікке кіру қажеттілігі көбірек ескертілді. Ол сәндік немесе зергерлік нысан дерліктей бола алды, қабырғада немесе ауада ілініп тұра алатындай, гарфикалық нышан немесе таңбаға айналды.

Республикамыздың тәуелсіздік құруымен байланысты ХХ ғ. соңғы он жылдығы ХХІ ғ. бастамасына монументалды мүсіндеменің белсенді дамуы тән. Егер камералық жұмыстарда авангардтық формальды көркем шешімдерді іздеу жалғастырылса, монументалдық бағыттағы мүсіндерде классикалық академизмнің реалистік сомдалу үрдістері қайта оралып жатты.

Жер-ана, 2008

Жалпы қалалық мүсіндер негізінде әртүрлі формаларда және әсер етуіне байланысты түрлі нұсқаларда ұсынылады. Ең дәстүрлі, беделді және кеңінен таралған түрі монументалды мүсін болып табылады. Хандарға, саясаткерлерге және мәдениет қайраткерлеріне арналған ескерткіштерде мүсіншілер мен қала тұрғындары үшін дәстүрлі мемлекеттік идеология қабылданады. Бұл идеология алаңдардағы бұрыннан берік тарихы бар ескерткіштердің тұруы арқылы жалғасады. Жоғары көтерілген бастар, ерекше қимыл-қозғалыстар көрерменді классикалық театр мен оның конвенцияларының ақындық бейнелеріне алып келсе; тамаша костюмдер, семсерлер, ордендер немесе хандарға арналған белдіктер биліктің символы ретінде танылады. Ал олар орналасқан биік тұғырлар мен кейіпкерлердің айтарлықтай өлшемдері «қашықтықтан ойлау» феноменін қалыптастырады. Дәл осы мүсіндер қалалықтарды назардан тыс қалдырмайды. Қазіргі таңда монументалды мүсіннің өміршеңдігін сақтап қалу үшін идеологиялық импульстардың тірегі мен тарихи оқиғаларды еске алу жеткіліксіз. Уақыт ағымына сәйкес, олар мифтік бағыттарды бойына сіңіріп, тарихи жадыдағы иррационалды қабаттарды байланыстыра отырып, уақыт пен кеңістіктің кемшіліктеріне синкретикалық түрде жауап береді. Бүгінгі таңда бейтаныс, экзотикалық, этнографияға деген көзқарас сұранысқа ие және бұл қызығушылықта ұжымдық бейсаналық, мифологияға деген интуитивті тартымдылық пайда болды. Еуропаға жатпайтын мәдени нысандарға қызығушылық ХХ және ХХІ ғасырдың «белгісі» болды.

1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік ескерткішінде бірінші болып Сақ жауынгерінің бейнесі көтерілді. Астанадағы Бәйтерек секілді ескерткіш қазіргі заманғы Қазақстанның символы болып табылады. Оған Шот-Аман Уәлихановтың жетекшілігімен, соның ішінде Нұрлан Далбай, Әділет Жұмабаев, Қызыбек Жырылғапов және тағы басқа сәулетшілер мен мүсіншілер тобы жұмыс жасады. Тақырыбына байланысты бірден бұл ескерткіш мемлекеттің мәдениеті мен идеологиясының белгісіне айналды. Композицияның ортасында - Маңғышлақ кұлпытастарына ұқсас 28 метрлік тік пластикалық стелла орналасқан. Ол 6 метрлік «Алтын адам» мүсінімен қанатты жануар тау барысының үстінде тұр. Б.з.д. 5-6 ғасырлардағы сақ жауынгерлерінің Есік қалашығынан табылуы, ХХ ғ. 1970-ші жылдары үлкен жаңалық еді. Алтын бұйымдармен безендірілген бірегей костюмдегі сақ жауынгері ежелгі дәуірде Қазақстан аумағында болған жоғары мәдениетті көрсете отырып, шынайы археологиялық жетістікке айналған болатын. Колоннаның негізінде аллегориялық фигуралар орналасқан мүсіндік топ бар. Олар «Аспан данасы», «Жер-Ана» және құлын үстіндегі екі бала сомдалған. Салт атты жасөспірімдер Қазақстанның жастары мен болашағын меңзейді. Колоннаның екі жағында бейнеленген 10 барельеф, қазақ елінің ежелгі кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі тарихының маңызды беттерін баяндайды; Томирис патшайым мен Сақ кезеңі, Ұлы Түркі хандығы, Қазақ хандығы, Ашаршылық жылдары, Жоңғар шапқыншылығы, Ресей мен Қазақстанның достығы (Федор Достоевский, Шоқан Уәлиханов, Тарас Шевченко), репрессия жылдары мен Ұлы Отан соғысы және т.б. Шота Уалихановтың монументті және архитектуралық жобалары мағыналы, ерекше болып келеді. Оның шығармалары таза әрі бастапқы мағыналы ұлттық рух пен колоритке ие. Уалиханов архитектуралық-мүсіндік жобаларында идеялық болсын, мазмұн жағынан кеңістік ортада өзінің әр түрлі, нақты шешімін табады.

Ал, Астана қаласында көрініс тапқан «Томирис», «Алтын адам», «Қорқыт ата», қазақ хандары мен батырлары «Жәнібек» пен «Керей», «Кенесары» және басқа да көптеген тарихи және тарихи мифологиялық бейнелер қаланың көркемдік имиджінің белгісі болып, бұл жер жалпы түркі әлемінің мәдени орталығына айналды. Нұрлан Далбай, Әділет Жұмабаев, Қайрат Сұранчиев, Сәрсембек Жүнісов, Бахтыбай Тайталиев, Ерлан Жақыпбеков және жоба жетекшісі Шот-Аман Уәлиханов сынды авторлардың ұйымдастыруы бойынша, алтындатылған ақ түсті бағаналардың жоғарғы жағында орналасқан аңыздағы самұрық құс пен тұғырындағы төрт барельеф – «Қазақстанның тұңғыш Президенті және Қазақ елі», «Батылдық», «Жасампаздық» және «Болашақ» атты мүсіндер біздің тарихымыздың негізгі кезеңдерін кейіптейді, ал жоғарыда орналасқан стелла бағытталған құс «Самұрық» – елдің одан әрі дамуына және гүлденуіне жол ашады деген сеніммен бой көтеріп тұр.

Керей хан және Жәнібек хан

Астанада Есіл жағалауына 2001 жылы орнатылған, классикалық мәнерде сомдалған ат үстінде қазақ елінің соңғы ханы Кенесараның мүсінімен безендірілген. 2010 жылдың маусым айында Тұңғыш Президент мұражайының алдындағы алаңда (Қазақстан Президентінің бұрынғы Резиденциясы) мүсінші Ренат Әбенов қазақ хандығының негізін салған Жәнібек пен Керей хандарының ескерткіштерін орнатты. Президент Н.Ә. Назарбаев атап өткендей, бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені дәл осы жерде Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасының жүрегі соғып бастаған болатын.

Астанада тек қазақ мүсіншілері емес, сонымен қатар басқа да елден келген мүсіншілердің жұмыстарын көруге болады. 2008 жылы «Жер-ана» монументін бурят елінен шыққан, белгілі ресейлік мүсінші, суретші және зергер Даши Намдаков ашты. Ескерткіш алып, үлкен бұқаның үстінде, семсер ұстаған екі барыстың қорғауында тұрған сақ патшайымы Томиристі ұсынады. Бұл мүсіннің терең тарихи маңызы бар. Б.з.д. VI ғасырда Мидия патшасы Ұлы Даланы басып алуға шешім қабылдайды. Сол кезде сақ патшайымы Томирис болатын. Оның жары Рустем Кирдің семсерінен көз жұмады. Патша Кирдің мақсаты Томириске үйленіп, екі патшалықты біріктіру еді, бірақ патшайым Кирді шайқаста жеңіп, басын шауып алады. Даши Намдаков бұл мүсінде патша Томиристің тарихын зерттей отырып, оның батылдығын, ержүректігін, әйел адамның ер адамнан кем емес батыл іске барғанын көрсету үшін, бейнені барыстармен қоса алып бұқаның үстіне орналастыру арқылы шешеді, бұл көрініс Томиристің күш-жігерін одан сайын әсірелей түседі. Мүсінші Кеңес монументалды мектебінің канондарын жеңіп, көшпелі менталитетке сәйкес, өзіндік ерекшелігін білдіру формуласын тапқан. Оның өзіне ғана тән бірегей пластикасы бар. Мүсіншінің көрмелері Флоренция, Нью-Йорк және Лондонда үлкен жетістіктерге жетіп, Монғолияның Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.

Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш

Сонымен қатар, Астанада Қазақстан тарихының қайғылы беттерін көрсететін Ашаршылық кезеңі мен репрессия жылдарына арналған ескерткіштер бар. 2012 жылғы 31 мамырда Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне Қазақстанда жаппай аштықтың 80 жылдығына орай «Ашаршылық құрбандарына» ескерткіш ашылды. Монументалды мүсіндік-көркем композиция «қайғылы қабырға» - киіз үйдің бір бөлігінен (кереге) құралады, ол бірнеше мүсіндер тобынан тұрады, олардың ішінде тірі адамдар мен өлі адамдарды бейнелейтін, балбалаларға ұқсас қара тас мүсіндер орналасқан. Сәулеттік композициясының авторы Орал Әлібаев болса, ескерткіштің құрылымын мүсінші Валерий Пирожков әзірледі.

Астана әлі де болашаққа ұмтылатын қала, бұл жерде монументалды, патриоттық және патетикалық ерекшеліктермен көрініс тапқан мүсіндермен қатар, жас астанаға керемет көркем көрініс пен әдемілік беретін бірегей заманауи сәндік мүсіндер де бар. Ол мүсін өнеріндегі тез бой көтерген жанрларының бірі қалалық ландшафтық мүсіндер. Білім беру, мәдениет және жобалау бастамаларының ұдайы өсуі адами бастамалар мен интеллектуалдық көзқарастардың арқасында орын алады. Осылайша, идеологиялық «бір реттік» қалалық мүсіндерді саналы деп есептеуге болады: шындығында көрерменге жолданған қалалық мүсіндер мен ескерткіштер туралы хабарлама оларды басқа да көптеген қатынастарда оқып шығуға мүмкіндік береді. Қалалық мүсіндердердің мағынасы көбінесе объектілердің көркемдік қасиетінің сапасында болмайды. Қазіргі таңда инновациялық және көркем нысандарға қарағанда қарапайым нысандар кеңінен таралған: бейне неғұрлым жалпыланған болса, соғұрлым тез танылады; бұндай бейнелер қалалық өмірдің тынымсыз ырғағымен байланыса кетеді. Әрине, шағын формалардағы мүсіндердің монументалды мүсіндерге қарағанда, белсенді қалалық ортада жаңа контекстке бейімделу үшін әлдеқайда мүмкіндігі көп болады. Оларға мысалы: «Қала тұрғыны», «Роликтегі қыз», бәйтерекке жақын жерде орналасқан, мольбертке қызыға бейнелеп жатқан, бейсболка мен джинсы киімдегі «Суретші» қыз және қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріне жататын жауһарлар, қазақтың ұлттық зергерлік өнерімен байланысты қола, пластик, шыны, тас және металдан жасалған дәстүрлі әшекейлер мен білезіктер, «отау жүзік», «құстұмсық» пішіндеріндегі үлкен көлемді сақиналар сынды сериялы жұмыстар ауқымды көлемде беріліп, ұлттық нақышты тудырып қана қоймай, қазақ өнерінің бірегейлігін еске түсіреді. Сақина мен жүзіктің киелігі мен қасиеттілігіне сену ғұрпы шығыс халықтарында кеңінен тараған түсінік. Қазақтың зергерлік өнері ұлттық мәдениетіміздің тарихынан ерекше орын алады. Жалпы алғанда, қазақ зергерлері көркемдік бейнесінде өзінің дәстүрлік тұрақтылығы мен сәндік ұстамдылығын сақтай отырып, қарапайымдылыққа ұмтылғандықтарымен ерекшеленген. Халық өнері – бұл өткеннің қазіргі жаңғырығы. Ғасырлар бойына ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан бұл халқымыздың ұлттық мұрасы еш уақытта өзінің өміршеңдік қайнар көзін жоғалтпайды.

Сонымен қатар, өзінің шығармашылығымен көзге түскен, қала орталықтарында, саябақтардағы мүсіндерімен ерекшеленген Астана алаңындағы Павел Шороховтың «Ғашықтар», «Ұшу кезінде», «Тасбақалар», «Жылқы табыны», «Hilton» қонақ үйіндегі құмырсқалар, «Оқушылар сарайының» алаңындағы «Балалар шығармашылығы» және т.б. мүсіндері нағыз жас қаланың белгісіне айналды. Мүсінші шығармашылығының ауқымы кішігірім формалардан монументалды жұмыстарға дейін кең және көп қырлы. Қала оның шабыт көзі, шеберханасы. П. Шороховтың жұмыстарындағы композицияның тұтастығы, сәндік көркемдігі мен эмоциялық түрде қанықтыруы - ритм мен пластиканың ойнауы мүсіншінің бай рухани әлемімен жақынырақ таныстырады.

Астана қаласының орталығын көркемдік объектілермен безендіру үшін әкімшілік «Қазақстанның шағын архитектуралық формалары және Астананың сәндік мүсіні» атты байқауына арнайы бастама көтерді. Онда Ербосын Мельдебеков, Жанат Елібаева, Абай Чунчалинов сынды Қазақстанның қазіргі заманғы көптеген белгілі суретшілері қатысты. Олар Астананың орталығын халық шығармашылығы мен қолөнер бұйымдарын бейнелейтін мүсіндермен безендірді. Қалалықтардың серуендейтін Астананың ең көрікті жерлерінің бірі сулы жасыл бульвардағы қобызда ойнаған бақсыны, шаңырақ тасымалдаған түйені де байқауға болады. Яғни, бұл мүсіндер қазақ елінің сакральды әлемімен таныстырады. Қазақтың қасиетті аспабы қылқобыз бен Қорқыт ата аңызына жетелейді, шаңырақ тасымалдаған түйе көшпенді қазақ елінің тұрмысы мен өмірін  көз алдыңа елестетеді.

Мақта қыз бен мысық

«Rixos» сәнді қонақ үйінің алдында тұрған кезде, ежелгі Қазақстанның археологиялық мұраларын, Ұлы Жібек жолын және біздің еліміздің байлығын бейнелейтін суретші Нұрбосын Орысұлының «Алтын  төгілген құмыра» мүсінін көреміз. Ал, цирктің алдындағы алаңда қазақ ертегілерінің аллеясы, суретші Дүйсен Ержановтың «Алдар Көсе», «Қанбақ шал», «Күнекей ару», «Мақтақыз бен мысық», «Қожанасыр» және «Тас ұлы» мүсіндері орналасқан. Бұл мүсіндер арқылы қазақтың ғажап ертегі әлемінің есігі ашылады. Сол ретте, Астана қаласын қазіргі заманғы сәулет өнерінің мұражайы ретінде ғана емес, ашық аспан астындағы мүсін мұражайы ретінде де қарастыруға болады.

Ит пен қыз

Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық көркем парадигмасы өнер қиылысында және техниканың соңғы бірегей әртүрлілікті, серпінді түрлі бағыттары, стильдер мен бейнелеу өнерінің жанрлары дамушы, дәстүрлі және академиялық екі жиектері бар болып шықты.

Монументалды мүсін, монументалды-сәндік өнер Қазақстандағы көркемөнер шығармашылығының ең жас түрлерінің қатарына енеді. Олардың ерекшелігі мен дамуы белгілі бір айқындалған дәрежеде мемлекеттік инфрақұрылымдарды өрістетуге арналғандықтан, жеке тұлғалардың тапсырыстары болмаса, өмір сүруі мүмкін емес ерекше өндірістік ахуалдарға тәуелді болғандықтан және белгілі бір жағдайларда қоғамдық санаға, оның білімділік деңгейіне, жоғары талғамына сүйенеді. Қазіргі мүсін және монументалды өнерде қалыптастырылған шығармашылық тәжірибелер кеңінен жинақталды және олар жеке авторлық тәжірибелер арқылы өтуіне еш күмән жоқ.

Қазақстан – ұлы кең-байтақ далада ат үстінде ойнаған, көшпелі бай дәстүрімен ерекшеленген үлкен еуразиялық елдің ұрпағы. Артына керемет кең даланы, ондағы байлықты қалдырған батырларға тұрғызылған ескерткіштер ата-бабаға, тұлғаларға деген құрмет. Оны ұлықтау, насихаттау өнердің міндеті. Осы орайда пластиканың көркемдік шешімінің динамикасы мен жаңа ізденістері қондырғылы мүсіндерге қарағанда монументалды мүсінде аз болды. Оның себебі, мүмкін біздің елімізде бұл жанр түрлі себептерге байланысты классикалық еуропалық бағыттан бастау алғандықтан болар. Ең басты себептердің бірі  ХХ ғ. Қазақстанның кәсіби зайырлы мүсін өнері еуропалық пластикалық дәстүрдің негізінде қалыптасып дамыды. Егер қондырғылы мүсінде үнемі әлемдік көзқарастар мен көркемдік ұстанымдардың, мәдени мұраның әртүрлі қабаттарын көрсек – сақ алтындары мен қоласынан бастап мемориалдық түркі мүсіндері, қазақтың ұлттық ою-өрнегі және т.б. болса, монументалды мүсінінің пластикалық жүйесі әлі де ұлттық  безендірілген еуропалық канонның шеңберінен шықпады. Соған қарамастан, бұл жұмыстарда ұлттық реңнің көрінісі айқын көрінеді, көркем кешенде этнографиялық элементтер белсенді қолданылады және осы бағыттың басты жетістігі мен маңыздылығы идеяның ұтымды сәті болып табылады.

Астана қаласының ұлттық нақыштағы монументалды мүсіндері қазақ елінің тарихымен, салт-дәстүрімен, қиын кезеңдері және жалпы қазақ елімен, оның менталитетімен, философиясымен, рухани құндылығымен, жан тебірентер бастан кешкен оқиғаларымен көрнекі түрде бірден таныстырып өтеді. Дәл осы өнер түрі мемлекеттің кеңдігін, өнер және ғылым қайраткерлерін, қазақ елінің мемлекет болуына, тәуелсіздігіне ықпал еткен батырларымыз бен ғалымдарымызды насихаттауда бірден алға қарай жылжыды. Осы орайда монументалды мүсін өнерінде мүсіннің мазмұнымен қатар, оның көркем шешімінде де өзгерістер пайда болды. Бұл жерде Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі мүсіндердің ансамбльдік ерекшелігін атап өтуге болады. Ол біз жоғарыда атап өткен синтез тәсілін қолдану, яғни мүсіннің қоршаған ортамен, архитектурамен және табиғи ландшафтармен байланысы. Бұндай байланыс Астана қаласындағы төгіле аққан Есіл өзенін қосқанда мүсіндік комплекстер мазмұн жағынан да, көркемдік жағынан да мағыналы, әрі тиімді шықты.

Әр мемлекеттің өнері – адам қолынан шыққан оны қоршаған ортасының, туған елінің, оның мінезінің, тағдыры мен тарихының жалғасуы мен шығармашылық қабілетінің дамуы болып табылады.

Астана – түркі әлемінің орталығы, айнасы. Астана - болашақ үшін, өсіп келе жатқан жас ұрпақтарға туған елінің қаншалықты қымбат екенін, мұндағы ескерткіштерді көру, мән-мағынасын түсіну арқылы елінің ерлігін, батылдығын көруде патриоттық сезімін тудыратын бірден-бір ағару кешені болса, шетелден келген қонақтар үшін жазық далада орналасқан тарихы зор, жан-дүниесі бай, ерекше қазақ елімен танысатын үлкен әлем болып табылады.

Балет академиясы - көшірме. П.Шорхов

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет