Айгерім Еспенова. Энергия. Жастық шақ. Өнер

Өткен апта өнер кеңістігінде бірқатар айтулы оқиғаларға толы болды. Солардық бірі 19 қазанда Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ ашылған «Энергия. Жастық шақ. Өнер» атты халықаралық жастар фестивалі.

Тайнова Перизат Жүздер. 2018ж. (кенеп, майлы бояу).

Айгерім Еспенова 

М.О. Әуезов ат. Әдебиет және өнер институтының

ғылыми қызметкері, өнертанушы


Аталмыш конкурс жас суретшілердің арасында бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қорымен өткізілетін жастар шығармашылығының жыл сайынғы «ЖасStar» халықаралық фестивалінің аясында  Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Украинаның әр түрлі аймақтарының шеберлерінің сан алуан бағыттар мен техникалық тәсілдерде орындалған 60-тан астам туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Бұл конкурс жас суретшілерге өзін-өзі танытуға, шығармашылық идеяларымен бөлісуге сонымен қатар, тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік береді. Конкурс жас суретшілерді қолдау және Қазақстанның қазіргі заманғы өнерін әлемдік көркемсурет процесіне ілгерілетуге бағытталған.

Конкурстың міндеті – бастауыш авторлардың отандық арт-кеңістікке табысты бейімделуі, мүдделі аудиторияның Қазақстанның  бейнелеу өнеріне назарын аудару, сондай-ақ республиканың бейнелеу өнерінің жас шеберлерінің кәсіби көркемдік  деңгейін жетілдіру және арттыру болып табылады. Конкурстың жеңімпаздарына келесі мөлшерде сыйлықтар тағайындалды: 1 -сыйлық –  350 000 теңге, 2 - сыйлық  – 250 000 теңге, 3 – сыйлық – 150 000 теңге сондай-ақ, 5 жұмысқа ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Бұндай конкурсқа қатысушы әрбір суретші алдына мақсат қоятыны анық. Сол себепті, көрмеде орын алған туындылардың кез-келгені өзіндік ерекшелігімен көзге түсті. Жастарға ұсынылған тақырыпта кең ауқымды қамтиды, яғни «Энергия. Жастық шақ. Өнер» атты тақырып суретші қиялына шек қоймайды. Ұсынылған тақырып жастардың бүгінгі өмірге көзқарасын, өнер мен өмірді ұштастырып, бойларындағы жалынды, энергияны, армандарын бейнелеуде, қиялдарына көсіле қылқалам сермеулеріне мүмкіндік береді. Әртүрлі техникада, әртүрлі жанрда, бірін-бірін қайталамайтын кескіндеме, мүсін, графика, қолөнер туындылары көрерменді қызықтыра түседі.

Биылғы жылы топты жарып шыққан Шымкент қаласының жас суретші шебері Жетпісалиев Бауыржан болды. Асыл тастар қолданып, ыстық эмаль техникасында күмістен жасалған «Мәңгілік ел», «Өмір ағашы» атты зергерлік композициялары терең символдық мағынаға толы.  Көздің жауын алатын «Мәңгілік ел» көмпозициясы асқан шеберлікпен орындалған. Туындының кез-келген бөлшегі терең философиялық мазмұнға толы. Автор көшпелі дәуірден қазіргі таңға дейінгі қазақ тұрмысының көрінісін жүк артылған түйенің бейнесіне сыйғызып, «Мәңгілік Ел» біртұтастықта екенін, тарихсыз болашақты елестете алмайтынымызды көрсетеді. Мұнда бейнеленген образдарды үшке бөліп қарастыра аламыз.

Автор композицияда төменгі бөлікте түйені орналастырған, алға қарай маңғаздап жүріп баражатқан түйенің бейнесі - жер шары десек, жер бетіндеді қазақ халқының бейнесін түйеге артылған жүк арқылы көрсетуге тырысады. Түйенің өркешіне дейінгі аралықта орналастырылған  элемент өз орнын ұтымды тапқан. Мұнда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде қолданылған алаша, киіз, ыдыс-аяқ, торсық, қоржын, сандық, сандыққа жиналған көрпе-жастыққа дейін нақышын келтіре орындап шыққан. Одан жоғары қару-жарақ, айбалта, найза, қылышты ораластырып  қазақ халқының жауынгер халық екенін көрсетеді. Сонымен қатар, көшпелі халық өмірін арба, жол, керуен бейнелері арқылы бейнелесе, халықты, елді, тайпаны таңба белгілері арқылы жеткізеді. Осындай көптеген бейнелер арасында Астана көрінісін Бәйтерек арқылы Қазақстан Республикасының қазіргі келбетін де бейнелеп шыққан.

Жетпісалиев Бауыржан Мәңгілік ел. 2018ж.
(күміс, бағалы тастар, ыстық эмаль).

Автор «Мәңгілік ел» идеясын бір туындыға сыйдырып, оның мән-мағынасын аша білген. Зергерлік өнерде асқан шеберлікпен орындалған туынды композициялық құрылымы жағынан, түстік үндестігі жағынан да ерекше. Қызыл, жасыл, сары, көк түсті тастар күмістің нәзік иірімді, оюлы жолдарына орынды қондырылған. Суретшінің қолтаңбалық ерекшелігі, жаңашылдылығы көрермен назарын бірден баурап алды.

Аталмыш көрмеде орын алған басқа да жас суретшілердің туындыларынан жаңашылдықты, пішін мен бояу сабақтастығын, жаңа технологияларды сәтті игеріп, дамытып отырғандығы ерекше қуантады. Жастар заманауи өнерді бейнелеуде дәстүр сабақтастығын ұмыт қалдырмай шығармаларына ұлттық сипат беруде де шеберліктерін көрсете білді. Атап айтсақ, Алмас Нұрғожаев, Рауан Сүлейменов, Нүгер Динара, Тайнова Перизат, Бахыт Сейсенханұлы, Ержан Танаев,   Хос (Хусейн) Теоман, Талған Жұмағұлов, Жанна Нөгербекова және тағы да басқа қатысушыларды атап өтсек болады.

Қорытындылай келе, жыл сайын ұйымдастырылатын конкурс жастардың шығармашылығына қызығулығымызды арттырып, олардың даму деңгейін көріп білуге үлкен мүмкіндік береді. Бұндай көрмелер қатары артып, жыл сайын дәстүрлі түрде өз жалғасын тауып отырғаны үлкен қуаныш. Жас қылқалам шеберлеріне қолдау, мотивация беріп, шығармашылық ізденістерінің артуына септігін тигізері анық. Қазақстан Республикасының болашағы жастар деп Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев үлкен сенім білдірді. Жас суретші шеберлер елімізді өз туындылары арқылы әлемдік аренаға шығарып, Қазақстан Республикасының бейнелеу өнерінің дамуына өз үлестерін қосады деп сенеміз.

Сүлейменов Рауан Армандағы трамвай. 2018ж. (кенеп, майлы бояу).

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет