З.Қожамқұлов пен А.Мұратбаев туындыларының "Біз замандастарыңызбыз" атты көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінде ARTSPACEkz көркем өнер галереясының авторлық стилистикасы жағынан әрқилы екі суретшісі - Зульхайнар Қожамқұлов пен Абдуахат Мұратбаев туындыларының «Біз замандастарыңызбыз!» атты көрмесі ашылды.

Кез-келген өнер қоғам мәдениетінің көрсеткіші болғандықтан, көркем сурет жұртшылық тарапынан зор қызығушылық тудырып отырады. Өнер адамға игі әсер етіп қоймай, оның тұлға ретінде өсуіне мол мүмкіндіктер береді. ARTSPACEkz көркем өнер галереясының директоры Эльмира Ахметованың суретшілер шығармашылығы туралы айтуынша,  қазіргі заманғы көркем сурет пен мүсін өнерінде бірыңғай жіктеуге жатпайтын, сан-алуан түрлер мен жанрлардың жиынтығы көрініс табуда. 21-ғасыр өнерінде әртүрлі ағымдар біте қайнасып, олардың жеткізілуі әрқилы және кездейсоқ болып жатады. Көрмеге қойылған шығармалар суретші мен көрерменнің диалогына, олардың өзара белсенді іс-әрекетіне есептелген. Болашаққа жарқын сеніммен қарайтын Мұратбаев шығармаларының қарама-қайшылығы мен философиялық ой тұнған Қожамқұловтың жұмыстары Қазақстанның қазіргі заманғы өнерінің көпқырлылығын мейлінше ашып, көрермен қызығушылығын арттыра түседі.

Көрменің ашылуында құттықтау сөз сөйлегендер: Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі директорының орынбасары Бейбітқали Смағұлұлы Қақабаев, Алматы қалалық әкімдігінің өкілі Оңдасынова Мөлдір Убайдуллақызы, актёр, театр және кино режиссері, сценарист, педагог, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлы Әшімов, Дінмұхаммед Ахмедұлы Қонаевтың жиен қарындасы Серікбаева Жаннет Даулетқызы, Гузель Төлегенова – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, кеңес және қазақ опера әншісі, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың қызы,  қоғам қайраткері Амантай қажы, өнертанушы, ARTSPACE.kz  көркем өнер галереясының кураторы Камилла Витальевна Ли, ҚР Суретшілер одағының төрағасы Жұбаниязов Өмірбек Орынбасарұлы. Ашылуында Гаухар Айтбетованың басшылығымен «Azia Classic» камералық дуэті өнер көрсетті.

Зульхайнар Қожамқұлов - суретші, мүсінші, педагог, философ, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, NICOR «Әлем халықтарының өнері» Халықаралық Қауымдастығының еңбек сіңірген суретшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері – заманауи қазақстандық өнер кеңістігіндегі белсенді жұмыс істеп жүрген суретшілердің бірі. Оның жұмыстарына терең философиялық мән тән. Суретшіні мәңгілік махаббат, өз еліне деген сүйіспеншілік тақырыбы толғандырады, ол адамның нәзік психологиялық реңктерін, рухани өмірінің астарын ашуға бағытталған тәсілдерді шебер меңгерген. Экспозицияда Қазақстанның көрнекті тұлғаларының – Дімұхаммед Қонаевтың, Нұрсұлтан Назарбаевтың, Бауыржан Момышұлының, Олжаса Сүлейменовтың, сондай-ақ қазақ эстрадасы мен киносының жұлдыздары Шәкен Аймановтың, Шәмші Қалдаяқовтың, Бибігүл Төлегенованың, Роза Рымбаеваның, Батырхан Шүкеновтың және басқа да көптеген тұлғалардың портреттері қойылған. Суретші өз кейіпкерлерін айқын сызықтармен, жарқын қарама-қарсы түстермен бейнелеген. «Бұл біздің ХХ ғасырдың – өзіміз өсіп-жетілген ғасырдың қаhармандары. Әрине, олар әлдеқайда көп – бәрін сала алмайсың. Мен өзім жақсы білетіндерді ғана таңдап алдым. Жекелей таныстығым болмаса да, олар мен үшін аса қымбат», - деп түсіндіреді суретші Зульхайнар Қожамқұлов

Абдуахат Мұратбаев - суретші, график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, республикалық, шетелдік және облыстық көрмелердің қатысушысы. Ол 1981 ж. Шымкент көркемөнер училищесін және 2004 ж. Бішкек қ. Қырғыз педагогикалық университетін бітірген. Экспозицияға автордың жарқын кескіндеме жұмыстары қойылған. Оның шығармаларында қазақтың ұлттық образдары модернизм ағымымен үйлесім тапқан.  Суреттің әр бөлшегі маңызды және өз мәні бар. Абдуахаттың пікірінше, «нағыз құндылықтар дегеніміз бізді қоршап тұр және біз бір-бірімізге, табиғатқа қамқорлықпен қарайтын болсақ, ол да бізге сүйіспеншілікпен жауап қайтарады…»

Композициялық көрме екі бөліктен тұрады: кескіндемелік жұмыстар мен мүсіндік арт-объектілер. Әсіресе, Зульхайнар Қожамқұловтың музейдің кіреберісінде орналасқан, металдан жасалған «Бұқа» және Абдуахат Мұратбаевтың  «Қуаныш», «Адам мен Ева» сәндік композициялары  назар аудартады. Шығармалар айрықша көркем айқындылығымен ерекшеленеді, көркемдік пішіні жағынан қазіргі заман үшін көкейтесті болып табылады. Мұндай арт-объектілер  түрлі ұлт пен дінге жататын, түрлі жастағы қала тұрғындары, қатары жыл санап көбейіп келе жатқан Қазақстан қонақтары мен саяхатшылар үшін тартымды жерге айналуы мүмкін. Олар әрдайым келушілердің қызығушылығын тудырып, авторлық ұжымның дарынын ғана емес, көкейтесті эстетикалық талаптарға сай келетін қазақстандық өнердің деңгейін де паш етеді.

Көрмеге 80 астам жұмыстар қойылған.

 Көрме 2018 ж. 31 қазанға дейін өтеді.

24 Қазан 2018
44
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет