Мақала
"Менің Қазақстаным" көрмесі
Қазақ КСР халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евгений Сидоркиннің (1930-1982) туғанына 90 жыл толуына арналған көрме осылай аталады.
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 08.10.2020
Мақала
"Менің Қазақстаным" көрмесі
Қазақ КСР халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евгений Сидоркиннің (1930-1982) туғанына 90 жыл толуына арналған көрме осылай аталады.
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 08.10.2020
"Менің Қазақстаным" көрмесі

Жарқын даралығы мен таланты, құштарлығы пен рухының күші оны шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінің әлемдік мәдениет шыңына көтерілуіне септігін тигізген танымал классик-шеберлердің қатарына қосты. Ресей мен Қазақстанның көрнекті суретшісі Евгений Матвеевич Сидоркинді Қазақстанмен шындығында көп нәрсе байланыстырады. Оның шығармашылығы қазақ грфика өнерінің жарқын беттерін құрайды. Жас суретшінің бүкіл басты туындылары 1957 жылы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын тәмамдап, Алматыға келгеннен кейін осында басталды.

Қазақстанда жасаған алғашқы жұмысы қазақтың халық ертегілерінің желісімен жасаған халықтық өткір әжуа мен кейіпкерлердің сан алуан мінездеріне толы «Көңілді алдағыштар» түсті литографиялар топтамасы болды. Ақылды да айлакер Алдар көсе де, аяр Жиренше де, «Қырық өтіріктегі» тазша бала да осында.

Үш ұрпақ, "Сәкен Сейфуллинді оқығанда" топтамасы, қағаз, түсті литография, 1964

Сидоркин «Қазақ эпосы» кітабын безендіруді 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне арнап жасаған жұмысынан бастады. Жас суретшінің зор табысына айналған осы жұмыс жайлы бірден мойындалып, сөз болды. Е.М. Сидоркиннің ұлттық сипатпен, рухпен, оймен, дүниетаныммен ажырағысыз байланысты эпосқа, халық ауыз әдебиетіне мойын бұруы мүлдем кездейсоқ емес. Ол үшін өзі тұрып, еңбек етіп жатқан жердің халқының көркем, эстетикалық, яғни адамгершілік танымын ұғынып, сезіну маңызды болды.

1960-жылдар суретшінің шығармашылығында ерекше жемісті жылдар болды. Ол бірден танымал болған «Қазақтың ұлттық ойындары», «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» автолитографиялар топтамасын, «Қырғыз ертегілеріне» иллюстрацияларын, біраз портреттер жасайды. Сидоркин М. Әуезовтің «Абай жолы» романына екі рет айналып соқты. 1960 жылы линогравюрада, 1970 жылы автолитографияда иллюстрациялар топтамасын жазды. Бұл туындылар әлі күнге дейін шебер жасаған образдардың тереңдігі жөнінен теңдессіз болып қалып отыр.

Шайқас, Ғасырлар қойнауынан топтамасы, қағаз, автолитография, 1972

«Ғасырлар түнегінен» топтамасын Сидоркин 8 жыл бойы – 1971 жылдан 1979 жылға дейін жасады. Бұлар – суретшінің қазақ халқының тарихы жайлы ойлары түсірілген қондырғылы туындылары. Ол қақтығысқа, қара күш пен соғысқа табынған «қатыгез ғасыр» – феодалдық өзара тартыстар кезеңін таңдап алған. Суретші композицияның ірі пландағы шекіме түріне иек артады. Күрделі ракурстар, көлемдердің батыл түрде қарама-қарсы қойылуы, масса динамикасы құштарлықтың қайнау сезімін, өмірлік күш-қуатты тудырады, суретші халықтың бойындағы көзсіз ерліктің, ғасырлар бойы келе жатқан ашу мен ызаның шиеленіскен қабылдауын береді. «Ғасырлар түнегінен» – Е.М. Сидоркиннің шығармашылығындағы ең экспрессивтісі әрі көркемі.

1970-1980 жылдардың басында суретші М.Е. Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» романына иллюстрацияларын және Ф.Рабленің «Гаргантюа мен Пантагрюэль» топтамасын жасайды. Бұл жұмыстарында әдеби шығармалардың негізгі коллизиялары визуалды түрде заттанатын гротескілік образдарды тудыратын суретшінің сатиралық таланты ерекше жарқырап көрінді.

Сидоркин шығармашылық қызметінен бөлек көп уақытын жас суретшілермен жұмыс істеуге бөлді. Ол жұмыстарды кез келген техникада, әсіресе шебер өзі жақсы көретін автолитографияда орындауға оңтайлы өндірістік жағдайы бар Сенеждегі Суретшілер одағының шығармашылық базасында графиктердің бүкілодақтық тобын жүргізді.

Алматы алмасы, қағаз, автолитография, 1980-1981

70 жылдары натурадан жұмыс істеуге индустрия объектілеріне суретшілердің жолсапары қабылданды – өнердің өндіріс орындарымен байланысы осылайша орнықты. Жолсапардан алған әсерінің күшімен Байқоңырға, Теміртау Магниткасына, Қазақстан егіншілеріне арналған сюжеттері кірген «Қазақстан жерінде» топтамасы дүниеге келді. Топтама қаһармандары – қарапайым жұмысшылар мен олардың күнделікті еңбектері.

Суретшінің мерейтойына шығарылған кітаптың авторы Г.К. Шалабаева шебердің ерекше дарынын: «Е.Сидоркиннің шығармашылығы ‒ еуропалық, орыс және ежелгі қазақ өнерінің күрделі, бірақ образдық-эстетикалық үрдістерінің органикалық қорытпасын құрайтын бейнелеу мәдениетінің бірегей феномені. Осылайша, Сидоркиннің көркемдік тәсілі еуропалық графика мектебінің кәсібилігін, орыстың реалистік дәстүрлерінің гуманистік шабытын ежелгі қазақ шеберлерінің шығармашылық символикасымен байланыстырды. Жарқын даралықтың, Шебердің дара дарынының арқасында біздің ұлттық мәдениетіміздің байлығын сезінуге мүмкіндігіміз бар» деп сипаттайды.


К.Мұқажанова
Қазақстан бейнелеу өнері бөлімінің жетекшісі

Сізге қызық болуы мүмкін: