Мақала
Камиль Муллашев шығармашылығындағы романтикалық әуен
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 08.12.2020
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Мақала
Камиль Муллашев шығармашылығындағы романтикалық әуен
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 08.12.2020
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Камиль Муллашев шығармашылығындағы романтикалық әуен

Тәуелсіздік жылдарында қазақ бейнелеу өнерінде жаңа ізденістер, заманауи серпін, ұлттық ерекшелік, ұлттық кодты зерттеу көріністерімен анықталды. Тәуелсіз Қазақстанда бейнелеу өнері егемен елдің ұлттық мәдениетінің бір бөлігі ретінде халықтың жан-дүниесіне, эстетикалық сұранысы мен ой-талғамына, рухын көтеруге үлкен әсерін тигізді.

Осы көріністің жалғасы ретінде бүгінгі күнде де қазақ бейнелеу өнері қалыптасқан мемлекетіміздің даму кезеңдерін шынайы бейнелеп келеді. Демек, қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан бейнелеу өнеріндегі көркемдік дәстүр жалғастығы, өткенге оралу, халық батырларын, тарихи кезеңдерді қамту, аңызға айналған кейіпкерлерді түрлендіру және олардың мазмұнын жаңаша көзқараспен ашу секілді өзгерістер орын алуда.

Шығармашылығында романтикалық әуестенушілігімен, рухының еркіндігімен, сұлулық пен әсем бояуларының ерекшелігімен үйлескен монументалды ойларымен бөліскен, белгілі суретші Камил Муллашевтің туындыларымен танысамыз.

Қазақ бейнелеу өнерінде Камил Муллашевтің шығармалары ұлттық мәдени бейнелерімен, әр түрлі жанрлық композицияларындағы терең мазмұндығымен ерекшеленеді. Қылқалам шебері өзін реалист суретшілердің қатарына жатқызады.

Белгілі суретші Камил Муллашевтің есімі тек Қазақстанда ғана емес, жақын және алыс шет елдерде де жақсы танымал. Суретшінің шығармашылығы 1970 жылдардан бастап қалыптасқан болатын. Сол кездің өзінде-ақ ол өзінің қолтаңбасымен,  тақырыптық ерекшелігімен бірден көзге түсті. К. Муллашев «қатал стильдің» негізін салушылардың бірі, 1967 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1978 жылы В.И. Суриков атындағы Мәскеу Мемлекеттік көркемсурет институтын Т. Салаховтың шеберханасынан білім алады. Бұл білім ордасынан суретші кәсіби шеберлік жағынан да, өмірлік тәжірибеден көп сабақ алады. 1978 жылы қаламгер Алматыға оралып, бүкілодақтық және халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатыса бастайды. 

Оның «Жер және Уақыт. Қазақстан» (1978) атты дипломдық шығармасы суретшінің атын шығарып қана қоймай, республиканың романтикалық символына айналған болатын[1]. 

Осылайша, суретші тың жерлерді игерумен және адамның ғарышқа шығуымен белгіленген соңғы дәуірдің қайталанбас бейнесін жасады. Триптихтың сол жағы «Ақ шөл далада», «Жастық шақ» орталық бөлігі және оң жақ бөлігі «Нан пісіру» деп аталады. Бұл шығарманың барлық бөлігіндегі композициялық тәсілі барлығында бірдей алынған. Яғни, үлкен аспан кеңістігі, адамдардың жетістігі, көрермен назары төменнен жоғары қарай алынған. Cол уақытқа тән өмірге деген оң көзқарас осы үш суретте айрықша көрінеді. Ішіндегі кең танымал болған орталық бөлігі «Жастық шақ» картинасы суретшіні бірден «арнайы танитын» шығармасына  айналады. 

«К. Муллашевтің шығармашылығында, 1980 жылдары суретшілердің суреттеген тақырыптары жалпы заманауи әлемді және тарихи кезеңдерді қамту, адам мен табиғаттың қарым-қатынасын, үйлесімділігін бейнелейтін идеялар басым болды. Ең бастысы сол уақыттағы суретшілер өз бағыттарын, стилін шығаруға, ойларын өзгеше білдіруге, даралығын табуға деген ұмтылыс қаламгердің де бойынан көрінді. 1980 жылдардың ортасындағы Қазақстанның бейнелеу өнерінде суретшілердің қоршаған өмір мәселелерін бейнелеуге деген қажеттілігі байқалады, олар 1970 жылдардың кескіндемесінде көтерілген ішкі сезімді, наразылық, қоршаған ортаның көрінісіне, қарама-қайшылыққа, адамның жан-дүниесіне арналған тақырыптарды жалғастырады»[2]. Әлеуметтік, азаматтық мәселелер, суретшілердің көтерген сұрақтары жауап беруді талап етті. 1980-1990 жж. суретшілердің шығармашылығы қоғамның адамгершілік ахуалын жақсартуға деген ұмтылысымен көрермендерді шындықты сыни бағалауға, мәңгілік құндылықтар туралы ойға итермеледі. Бүгінгі күні, бұл туынды жанға ерекше әсер етеді, адам өмірінің батырлығы мен уақыт пен әлеуметтік құрылымға қарамастан құндылыққа ие.

Өнертанушы К. Мұқажанова «суретшінің туындыларының идеялары мен бейнелері өз заманының көркемдік үдерістерімен байланысты болғанын, суретшінің кескіндемесіне тән форманың лаконизмі, бейнелі интонацияның ұстамдылығы, автордың шындықты романтикалық сезіммен байланыстыра білуі одан әрі оның стилінің ерекшелігі ретінде сақталғандығын» атап отырып, қаламгердің шығармашылығындағы шынайы, авангардтық және жалпылама-символдық туындылардың үйлесекендігін меңзейді[1].

Кеңес дәуіріндегі суретшілердің туындыларында шындықты, замандастарының бейнелерін суреттеу қалыпты жағдай болатын. К. Муллашев болса, сол кезеңде өмір сүріп жатқан шопандардың бейнесін, олардың күнделікті өмірін өз шығармасына арқау етті.

Өнертанушы А.К. Юсупова «К. Муллашев бейнелерін - этнографиялық дәлдікпен бейнелейді, шебердің байқауының дұрыстығы, оның туындыларындағы кейіпкерлер киімінің дәстүрлі, не болмаса формальды еместігі, яғни күнделікті өмірдегі біз көріп жүрген ауыл тұрғындарының қарапайым образын береді»[2], - деп суретшінің туындыларындағы сол кезеңдегі адамдардың өмір-тіршілігін көз алдымызға алып келетінін айтады. Мысалы, қаламгердің «Шопан» (1979) атты туындысы 1960 ж. М. Кенбаевтің «Кездесу», «Асауға құрық салу» сынды туындылардан мүлдем бөлек. Жалпы, ауыл тақырыбы 1960-70 жылдары көптеген Қазақстан суретшілерінің шығармаларында ең басты тақырыптардың бірі болы. С. Айтбаев, Ш. Сариев, Т. Тоғызбаев, Ә. Сыдыханов, М. Кенбаевтің және т.б. суретшілердің шығармаларында өзіндік дүниетаным, сол кезеңдегі адамдардың өмірі,  символикаға құштарлық тән болды. 1950–1960 жылдар аралығындағы өзіндік эпикалық-романтикалық сарынымен жəне ұлттық нақышты бейнелеуімен ерекшеленген суретшілердің бірі — М. Кенбаев тарихи сюжеттерге ден қоя отырып, ең бір тыныш, бейбіт шешімдерді таңдайды. Мысалға, «Шопан əні» (1955) шығармасында кəдімгі дағдылы көрініс табиғатпен үйлесімді бірлікте тіршілік ететін жер иесінің даңқын асырған ғажайып гимнге айналса, «Асауға құрық салу» (1957) адамның еркін өмірін, оның күш-қуаты мен ептілігін суреттейді. Суретшіні адамдардың қарым-қатынасы мен халықтық мінез-құлықтың уақыт пен кеңістік ықпалынан тəуелсіз рухы тебірентеді[2].

Бұл картиналардан табиғат пен адамның бір-бірімен ерекше байланысын, туған жерге деген ерекше ыстық ықыласты, бақытты сәтті көретін болсақ, К. Муллашевтің «Шопан» туындысында бұл көңіл-күй керісінше басқа арнаға ауысады. 

Біріншіден, сол кездегі зерттеушілердің бірден байқағаны басты кейіпкер шопанның көреременге теріс қарап тұрған сәті көңілді өзіне еріксіз аударады. Бізге оның бет-әлпеті көрінбегенімен, оның бүкірейіп тұрған тұрысынан көңіл-күйінің жоқтығын, мазасыз ой үстінде тұрғанын сеземіз. Композицияны бір тұтастықта ұстап тұрған шопанның алып бейнесін не мазалап тұрғаны көрерменнің назарын бірден аударады. Бұл сұрақтың жауабына қаламгер өзі былай деп жауап береді: «шын мәнінде ауыл шаруашылығымен айналысу, әсіресе мал шаруашылығымен айналысу оңай жұмыс емес. Шопандар демалыссыз жыл бойы еңбек етеді, малды күтеді, төлдегенде жауын-шашын, бораннан құтқарады, жылы, құрғақ  жерде ұстауға тырысады. Жыл мезгіліне байланысты олардың жүнін қырқады, қыстан аман алып шығудың жолдарын іздейді» деген сияқты басқа да қиындықтарды атап өтеді[3]. Осындай көріністерді суретшінің «Дала желдерінде» (1985) деп аталатын келесі туындысынан да көруге болады. Ауа райының бұзылуына байланысты, шопан отбасымен малдарын тез арада жинап қораға кіргізіп жатқан сәтін бейнелеген. Суретші соның барлығын өз көзімен көргендіктен, туындыдағы шопанның сезімін түсіну арқылы оның бейнесін, шынайы өмірдегі көрінісін шығарған. Картиналардан бақытты өмір немесе кең-байтақ жазық далада тыныштық ұялаған сәттер емес, керісінше мазасыз, күнделікті ауыл адамдарының күйбелең күнкөріс тіршілігін, шопан бейнесінің шынайы өмірдегі еңбегін көрсетеді. Муллашевтің сол жылдардағы «Тың жерлер» (1980 ж.), «Балықшы» (1988), «Көктемгі самал жел» (1979), «Ойнап жатқан балалар» (1983), «Құрғақшылық» (1982) атты туындыларында бос қалған ауылды жерлерді, тыныштық пен белгісіздік ұялаған кезеңді көреміз, уақыт бір мезетте тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Оның туындылары деректі фотосуреттер іспетті. Қолына фотоаппаратын алып жүріп, сол кезеңдегі ауылды, көшелерді, адамдарды түсіріп алғандай, туындылары 80 жылдардағы өмірдің шынайы көрінісін баяндайды. 

1984-87 жж. КСРО Суретшілер одағының жолдамасы бойынша, 1981 жылы суретші Сирия мен Ауғаныстанға шығармашылық сапарлары кезінде жердің ең ыстық нүктелерінде көптеген сызбалар мен кескіндемелерді кенеп бетіне түсірген болатын. Бұл туындыларында қаламгер сол кездегі өмір фактілері мен шындықтарын ғана емес, сонымен бірге ғаламдық, жалпыға ортақ проблемаларды, босқындардың тағдырын бейнелейді[1]. Оның «Молдалар» (1982), «Кунейтра» (1985), «Ғажайып Пальмира» (1982)» «Ауғандық», «Қасиетті қабырға жанында» (1985), «Босқындар» (1981) атты картиналары таяу шығыстағы халықтың қиын өмірін көз алдыңа алып келеді және олардың бейнелерін суық түстермен, қатал мәнерде жеткізеді. 

Бейнелеу өнерінде портрет жанры шексіз мүмкіндіктерге ие. Қылқалам шеберінің шығармашылығында портрет жанры ерекше орын алады. Автордың пайымдауынша «біріншіден, жақсы жазылған портрет белгілі бір сәтті тоқтата алады, келешекке салынған адамның тек бейнесін ғана емес, сонымен бірге оның аурасын, ішкі және сыртқы әлемін жеткізе алады. Екіншіден, портрет «тірі» болуы керек. Бұндай «тіршілікке» суретшінің үлкен шеберлігі мен оның барлық сезімдерінің шоғырлануы қол жеткізеді. Ең сәтті орындалған портрет, ол адамның тек бейнесін беруде ғана емес, сонымен қатар, оның ішкі жағдайына кіре алған кезде, тіпті бйнелеп жатқан адамның өзіне айналу және онымен толық байланыс таба білуінде» дейді[1].

Кенепкердің портерттерін бейнеленуіне байланысты бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші топқа оның отбасына арналған жеке портреттеріне «Әкемнің портреті» (1972), «Баламның портреті» (1989),  «Сүйікті әйелімнің портреті» (2009), «Автопортрет» (2013) атты туындыларында суретші тек бір ғана адамды ала отырып, оның сыртқы келбеті мен сол адамның жеке қасиеттерін ашуға тырысады. Бұл кейіпкерлердің бейнесін ашуда суретші оларды қараңғы аяда немесе қанық бір түсті фонда бейнелейді. Тек, өзінің «Автопортретін» шеберханасында, өзінің әр түрлі эмоция мен идеяға толы кеңістігінде, шығармашылыққа толы жеке әлемінде ұсынады. 

Келесі портреттік жұмыстарында суретші кейіпкерлерді белгілі бір шынайы ортада, бөлменің ішінде «Күту» (1995), теңіздің жағасында «Алыс жағалау» (1997), табиғат аясында, алма бағында «Талтүс» (2000), «Қазақстанның бірінші президенті Н.А. Назарбаев» (1997) портретін арнайы Мемлекеттік рәміздердің аясында, салтанатты киімде бейнелейді.

Күту, 1995

Үшінші топтағы портреттерге тарихи тұлғалар «Абылай хан» (2014), «Ақын Сара» (2002), дәстүрлі киімдегі, әсем әшекей бұйымдарымен ерекше нәзіктікте орындалған ұлы дала аруларының портреттері - «Сүйінбике» (1999), «Еуразия. Қыпшақ қызы» (2001), «Ежелгі Бозоқ қалашығындағы әйел» (2008) бейнелерін жатқызуға болады. Бұл портреттер ерекше мәнерде, тегіс, әрі анық болып келеді. Олар ХV-ХVІ ғғ. Батыс шеберлерінің жұмыстарын еске түсіреді. Бұның себебі, Муллашев Мәскеу каласында оқып жүрген кезде, Эрмитаждағы Батыстың қайта өрлеу кезеңіндегі суретшілердің техникаларымен жіте танысады және олардың бояу мәнеріндегі құпияларын зерттейді. Сол кезде қолданған техникаларын осы портреттерде қолданғанын айтады[3].

Уақыт, тарих, ғасырлар туралы естелік ұғымдары әрбір адам үшін белгілі бір өмір кезеңінде маңызды бола бастайды. Суретші тарихқа, көшпенді қазақ өміріне («Өткен өмір дәстүрі», 2004) арналған шығармаларында осы ұғымдар жайында өзінің көзқарасымен бөліседі. 

Өткен өмір дәстүрі, 2004

80 жылдардың аяғы мен 90 жылдардың басында К. Муллашев шығармаларын еркін мәнерде бейнелей бастайды. Бұндай өзгеріс негізі оның фольклорға деген қызығушылығынан туындайды. Осы кезеңдегі республиканың бейнелеу өнерінде ұрпақтар алмасуы, шығармашылықтың шынайы рухани негіздерін іздеу, көркемдік өрнектерді жаңарту мен байытуға ұмтылу процестері анық байқалады. Суретшілердің жұмыстарында композициялық және тақырыптық ізденістердің үздіксіз жүруінің арқасында жаңа мағынадағы туындыларды жасауға ұмтылыс туды. Мәселен, А. Сыдыханов, Е. Төлепбаев, А. Ақанаев, Б. Тюлькиев, Р. Есіркеев, Қ. Ахметжан және т.б. суретшілердің қатарында К. Муллашев те бар еді.

Қаламгер суретпен де, түспен де шектелмелді, сол кезде Муллашев шығармашылығын «еркін сипаттауға» толық бел буған еді. Ол сол уақыттағы өмірді бейнелейтін туындылар жазғысы келмеді. Сол жылдары суретші «көз алдына бір қоғам бұзылып, басқасы салынып жатқанын, белгісіздіктің пайда болуы, хаос өмірдің барлық жақтарын қамтығанын» айтады. Соған байланысты қаламгер адам өмір сүре алатын басқа әлем ойлап тапты. Ол әлемде адам жаңадан пайда болған еді.  Қаламгердің әлемінде адамдар жануарлармен де, өсімдіктермен де тең дәрежеде болды. Кенепте интуитивті табылған композициялық шешім арқылы өзара қарым-қатынас жасай отырып, бір-біріне қысым көрсетпеді, өлшемімен де, түсімен де ыңғайлы орналасты»[1], - деп кенепкер бейнелеріне осындай сипаттама береді. Түрлі сезімдердің әсерінен туындаған «Шабыт» (1989), «Балық пен бұғы патшасының әңгімесі», «Алтын ғасыр» (1991), «Суретші әлемі» (1989) сияқты картиналарында композициялары еркін, көп қабатты бояулар шашыраңқы түрде, жан-жаққа тарап, бірде таңба сияқты келсе, бірде елес, түске айналып жатты. 

Суретші жұмбақ, түсініксіз, керемет әлемге тап болған кезде, жарқын бейнеге сезіммен жақындағанда, өзін бақытты сезінді. К. Муллашев өзіне ерекше әлем ойлап табу арқылы, оған тереңірек үңілуде, таңғажайып екінші әлем есігін ашты. Кенепкер әр кезеңде жаңа ойлар мен тақырыптар, бейнелеудің жаңа мәнерін шығарып отырды. Соған сәйкес, 2000 жылдардағы «Арманнан тыс», «Өмір беретін қызғалдақ шырыны», «Ата-бабалардың шақыруы» «Бақыт құсы», «Жұлдыз ұстаушыға апаратын жол» сынды шығармалары сюрреалистік бағытта, қиял-ғажайып, фантастикалық сарынымен таңқалдырды.

Өмір беретін қызғалдақ шырыны, 2001

Дала, таулар мен әр түрлі су қоймалары, ағаштар суретшінің бала кезінен жақсы көретін нысаны. Сондықтан, пейзаж жанры суретшінің барлық шығармашылық кезеңінде кездеседі. Сол, 2000 жылдардағы «Шарын құлыптарының шеруі», «Бақта», «Біздің үй» (1999), «Қапшағай көрінісі» (2000) және т.б. кенептері арқылы суретші біздің әлемге оралып отырды. Осындай салыстырмалы түрде екі әлемді қатар алып жүру арқылы қаламгер шектен шықпаудың амалын таба білді, оның басына төнген тәжірибені де, сынақты да көтере алды.

Бақта, 1999

2013-2019 жылдары Муллашев Қазақстанның ауылдары мен жақын елдердерге іс-сапарға аттанады. Жол бойы орындаған плэнерден пайда болған  шығармалары, дала, тау, көлдің көріністері көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Мысалы, «Армениядағы шуақты күз», «Ыстықкөл жағасындағы талтүс» (2013), «Мерке таулары», «Шу даласы», «Дала жолдарында» (2019) кенептерінде ашық аспан, қанық-жарқын салтанатты түстер, суретшінің табиғат сұлулығын тамсана бейнелегенін көруге болады. Мұндағы автордың жазу мәнері 80 жылдардағы кенептерге қарағанда мүлдем бөлек. Уақыт талабына сай, заман өзгерісі, тәуелсіздік нышаны, еркіндік, жаң өмір, заманауи көзқарас, мол тәжірибесінің нәтижесінде суретшінің шығармашылығына үлкен өзгерістер алып келгенін байқауға болады. Мұнда суретшінің жанын бақыт пен тыныштық ұялағанын сезуге болады.

Бүгінгі таңда да суретшінің өмірі шығармашылыққа толы. Муллашевтің қазіргі кездегі кенептері таңқалдырмай қоймайды. Оның туындыларының басым бөлігінде космос тақырыбы қозғалады.

Суретші шығармашылығының қай кезеңі болмасын, кескіндеме өнерінің кеңістігі мен фактурасына енуге мәжбүр боласың. Әрбір туындыларында авторлық таза интуициясын, алдын ала болжауға болмайтын түстердің үндестігін, мәнерлі үйлесімділігін, сонымен қатар белгіленіп алынған композициялық ырғақты қарапайым форманың анықтығын, түсініктілігін, дәлдігін көре аламыз. К. Муллашевтің шығармашылығындағы профессионализм мен көркемдік кемел ойы, оның жеке-дара мәнерінің әр-алуындылығы заманауи кескіндеме өнерінің жаңа жолдарын ізденуге септігін тигізді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Камиль Муллашев // Альбом. Встп. Статья К. Мұқажанова. Москва, Институт «ДИ-Дк» 2003. – ОАО «Типография «Новости», 155 б.
  2. Юсупова А.К. Живопись Казахстана 1980-1990-х гг.: пути и поиски. Астана: Фолиант, 2009. – 152 б. (37)
  3. Суретшімен сұхбат, 2019 ж.
  4. К. Муллашевтің фотосуреті fotokto сайтынан алынды.