Зәуре Батаева. Ван Гог және мафия

2017 жылдың ақпан айында Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайына 22 наурызға желі арқылы екі билет сатып алдым. Билет сатып алғанда, наурыз айында Қазақстаннан арнайы мұражай аралауға келетін құрбыма сүйікті суретшімнің шығармаларын көрсетуден басқа ешқандай мақсатым болмаған.

Зәуре Батаева

аудармашы, блогер



21 наурыз күні таңертең жаңалықтарды қарап отырып, «Нью Йорк Таймс» газетіндегі «Ван Гог мекеніне оралғанда, ұрлықшы шындықты жайып салды» атты мақаласына назарым ауды. Мақалада Ван Гогтың осыдан 14 жыл бұрын із-түссіз жоғалып кеткен екі туындысының 21 наурыз күні мекеніне оралғаны жайлы жазылған екен. Алдымен «ертең мұражайда адам көп болатын болды-ау» деген ой жылт етті де, іле-шала құрбымның Ван Гог мұражайына алғашқы сапары осы бір тарихи оқиғамен ұштаса қалғанына қуанып кеттім.

2002 жылы 7-желтоқсанға қараған түні екі ұрының Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайынан ұлы суретшінің екі шығармасын ұрлап кеткені жайлы жаңалық өнер сүйер қауымды таң-тамаша қалдырды. Ұрлықшылар 4 қабатты мұражайдың екінші қабатына кәдімгі басқышпен көтеріліп, терезені сабы қараға боялған балғамен сындырып, шебердің қатар тұрған екі шағын суретін шешіп алып, қайта сол тесіктен шығып кеткен. II дүниежүзілік соғыстан кейін көркем өнер шығармаларын осындай жабайы әдіспен ешкім ұрламаған еді. 


Ван Гог мұражайындағы оралған екі суреттің презентациясы (сурет авторға тиесілі)

14 жыл көзден таса болған шығармалар 2016 жылы қыркүйек айында Италияның Неаполь аймағындағы атышулы Каморра (мафия) ұйымының бастығы Рафаэль Империаленің өз үйінен емес, анасының ас үйінен табылған.

Адам қаптап кете ме деп, Амстердамға "Таллис" жүрдек пойызымен жете сала, Гаухар екеуіміз мұражайға асықтық. Біз жеткенде таңғы сағат 10 болса да,  төрт қабатты мұражайдың төменгі қабатындағы гардеробқа төрт қатар кезек тұр екен. 

Сырт киімді өткізіп, бірінші қабатқа эскалатормен көтерілгенде, көрменің сол жақ қабырғасындағы әйнек дисплейге көз тіккен дүйім жұртты көрдік. 14 жыл із-түссіз кеткен екі шығарма бұрынғы орнына қайта жайғасыпты. Жұрт біртіндеп ығысып, суретке жақындауға мүмкіндік туғанда, әйнек дисплейдің ішіне салынған жақтаусыз екі сурет бір сәтке қылмыскерлердің қолынан жаңа босатылған тіршілік иесіндей көрініп кетті. Кәдімгі қағаз бен кенепке жағылған бояу адамның санасына осыншама әсер ететіні қалай?

«Схевенинген жағалауындағы теңіз көрінісі» (1882) және  «Нюэнендегі протестант шіркеуінен шыққанда» (1882-1884) сурет шығармашылығын 30-ға таяғанда ғана бастаған Ван Гогтың алғашқы еңбектері болып табылады.

Винсент Ван Гог Брюссель қаласындағы көркем өнер академиясын тастап, ата-анасының үйіне оралғанда, жуықта жұбайы қайтыс болып, қонаққа келіп жатқан жиен әпкесі Корнелияға ғашық болады. Корнелияның үзілді-кесілді жауабынан кейін де райынан қайтпаған Винсенттің бұл қылығына ренжіген туыстары оның үйден біржола кетуін өтінеді. Жеке өмірі оңалмай, көңілі қалған Винсент бұрын өзі қызмет еткен Гаага қаласына оралуға мәжбүр болады.

Суретшіге дарыннан бұрын көп еңбек қажет ету қажет деп түсінген Винсент Гаага қаласында өзінің туысы және сол кезде табысты суретші болған Антон Мауведен жеке дәріс ала жүріп, қаланың кедей-кепшік аудандарын көп бейнелейді. Осы Гаага кезеңінде Ван Гогтың шеберханасында жаттығу үшін салған 70-ке жуық суретінің 20-сы ғана сақталған. Өз жұмысына әсте көңілі толмайтын Ван Гог өзіне назаланған сәттерінде «ешнәрсеге татымайтын суреттер» деп бұл еңбектерін менсінбей, көбін өз қолымен құртып жіберген.


Ван Гог "Схевенинген жағалауындағы теңіз көрінісі" (1882)

«Схевенинген жағалауындағы теңіз көрінісі» – Ван Гог мұражайының иелігіндегі суретшінің сол кезеңдегі шығармашылығынан көрініс беретін жалғыз шығарма. Саны жағынан 11-ші болуы мүмкін дейді мамандар. Сурет кенепке емес, қағазға салынған. Яғни, бұл туынды – суретшінің бұған дейін Антон Маувенің тікелей жетекшілігімен салған натюрморттарынан бөлек, өз бетімен салған алғашқы туындыларының бірі. Дегенмен, қылқаламы әлі сенімді болмаса да, Гаага аймағындағы балықшылар тұратын Схевенинген жағалауы суреттелген бұл көріністен шығармашылығын жаңа бастаған Ван Гогтың өзіне ғана тән бейнелеу мәнері мен оның ерекше сезімталдығын бірден байқауға болады.

Ашуы енді қозып, жағалауға көбік шаша, жұтына асығып, түнере төнген аспанға ұласқан алып теңіздің ұшы-қиыры жоқ. Жел айдаған сарғылт құм Солтүстік теңіздің құм жоталарына біткен шөп-шалаңды бір жағына ығыстыра құйындап барады. Қылқаламның ұшымен сұлбасы ғана бейнеленген балықшылардың қимылсыз бейнесі адамның табиғатқа бағынышты да аянышты кейпін айқындай түскендей. Бұл нәтижеге жету үшін Ван Гог жағалауға бірнеше рет келіп, суреттің нобайын неше мәрте жасаған. «Апта бойы дауыл соғып, жаңбыр жауды. Оны көру үшін Схевенинген жағалауына бірнеше рет барып, екі кішкене суретті аяқтадым. Желдің қатты болғаны сонша, жерге басып тұру ауырға тиді және құмнан ешнәрсе көрінер емес. Маңайдағы қонақүйге барып, терезеден қайта салдым. Не болса да, бұл теңіз дауылынан екі естелік қалды» -деп жазады суретші, 1882 жылдың 26 тамыз күні інісі Теоға жазған хатында.


Ван Гог "Нюэнендегі протестант шіркеуінен шыққанда" (1882-1884)

«Нюэнендегі протестант шіркеуінен шыққанда» атты шығармасын Ван Гог 1884 жылы ақпан айында Нюэнен ауылындағы ата-анасының үйіне оралғанда салған. Бұл туындысын Винсент сол мезетте аяғын сындырып алып, төсек тартып жатқан анасына сыйлайды. Суретте әкесі қызмет ететін жергілікті шіркеу бейнеленген. Ван Гогтың шығармашылығындағы осы кезең өмірден өз орнын таба алмай, не жұртпен тіл табыса алмай, қарадай адасқан тұңғышының тірлігіне көңілі толмай, ренжіп жүрген ата-анасымен қарым-қатынасы жақсарып, отбасындағы шиеленіс аздап басылған уақыт еді. Бұл жайлы Винсент інісі Теоға жазған хатында айтады. «Мүшкілдеу жағдайына қарамастан, маманың көңіл күйі бір қалыпты және көтеріңкі. Жуықта мен оған арнап кішкене шіркеудің суретін салдым. Міне, мынандай...» - деп суреттің нобайын хатта қарындашпен көрсетіп қойған. Хаттағы нобайы мен бұл суретті салуға әзірлік ретінде салынған басқа жобаларынан алғашында суретшінің жоспары мүлдем басқа болғаны байқалады. Қыстың суық күні шіркеуден шығып келе жатқан адамдар бейнеленген күңгірт түсті сурет кейіннен сарғылт қоңыр және ашық көк түстер қосылып, күзгі көрініске айналған. Және суреттің алғы шебіндегі адамдарды Ван Гог бірнеше жылдан кейін ғана қосқан. Рентген зерттеулері бұл суретті өзгерту  үшін Ван Гог импасто әдісін қолданғанын анықтады. Яғни, бұл шығарманың қазіргі нұсқасы шебердің бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесі, оның аласұрған мазасыз санасы мен жанашыр жүрегінен төгілген құса, өкініш. 

Бұл шығармалар ұлы суретшінің бейнелеу мәнерінен, суретші ретінде даму жолынан, қайғылы тағдырынан көп ақпарат беретін маңызды еңбектері. Суреттерге қарап тұрып, Ван Гог шығармашылын сүйетін қауым мен мұражай әкімшілігін 14 жыл азапқа салған Октав Дурхамның мақаладағы «Кейбір адам мұғалім, кейбір адам футболшы болып туады, ал мен ұрлықшы болып тудым» деген өктем мәлімдемесі  есіме түсті. Суретті ұрлауға небәрі 4 минут жұмсаған Октав Дурхам жақтаулы екі суретті сөмкеге салып алып, екінші қабаттан басқышпен түсуге уақыт жоқ, жіппен секіріп түскенде, асфальтқа тиген суреттердің бірінің шеті 7 сантиметрдей  жыртылып кеткен екен. 

Мұражайдың күзетшілері сигнал берілгенде полиция бөліміне дереу хабарлағанымен, ұрыларды тоқтату үшін қару қолдануға құқығы жоқ,  өз орындарында қауқарсыз қала берген. Ұрылар ұрлыққа әзірленгенде мұражай ережелерін ескеріп, полиция жету үшін қанша минут қажет екенін мұқият есептеген. Полиция айналасы 5 минут ішінде жеткен, бірақ Октав Дурхан ол  уақытта мәшинесінің терезесін айқара ашып, мұражайға лап қойған полиция қызметкерлеріне өз көлігінен қарап отырған. Қылмыскерлер әлемінде «маймыл» деген атақпен белгілі болған Октав Дурхан қабырғамен өрмелеп, үйден үйге секіруге шебер болғанымен, ұрының аты ұры  –  жерге секіріп түскенде бейсбол қалпағын басынан түсіріп алғанын өзі байқамаған. Қызық болғанда, оның көмекшісі Хенк Биеслейн де бас киімін мұражайдың маңайына қалдырып кеткен. Бұл заттар ұрылардың ізіне жылдам түсуге себеп болған, бірақ полиция қызметкерлері пәтерінің есігін қаққанда, Дурхан терезесінен үйдің төбесіне өрмелеп шығып, тағы қашып кеткен.

Бір жылдан кейін ұрылар ұсталғанда, олардың адвокаты «бас киімдердегі ДНК зерттеулерін дәлел ретінде қолдану күлкілі, себебі нағыз ұрылар бұл заттарды полицияны шатастыру үшін әдейі тастап кетуі мүмкін» деген уәж айтқан. Алайда, бұдан басқа да дәлелдер жеткілікті болған. Мысалы, дәл сол мезетте Дурхан өзіне қымбат мерседес сатып алып, көңілдесімен Нью Йорк қаласына барып қайтқан. Кейін ұрылар суреттерді Каморра бастығына 350 мың евроға сатып, өзара бөліп алдық дескен. Аукционда әр қайсысы 4 миллион доллардан кем тұрмайтын бұл екі суретті аталған бағаға сату шындыққа жанаспайды, ұрлық Каморраның тапсырысымен орындалғаны дүйім жұртқа белгілі. Дегенмен,  сот ұрыларды 4 жылға қамап, әр қайсысына 350 мың айыппұл салған. 2016 жылы Италия полициясы суреттерді Неаполь аймағынан тауып алғанда, баспалар «тергеу жұмысына Дурханның ешбірі қатысы жоқ, Италияның қаржы полициясының адал еңбегі» деп жазған. Қайдам! Дурхам қазір бостандықта. Амстердам қаласында жүргізуші болып жұмыс істейтін көрінеді, ал Рафаэль Империаленің бүкіл мүлігі мен ақшасы тәркіленіп, қазір түрмеде отыр.

Өзімшіл, кертартпа, ақша десе анасын сататын қылмыстық топтардың адамзатқа талай қасырет артатыны аздай, енді осы жанағ шипа бұлақтай тұнық көркем өнер туындыларына дөрекілікпен, менменсіне қол салатыны адам түсінбейтін қылық. «Итке темір не керек?» дегенмен, америкалық өнер сыншысы Ноа Чарнидің айтуынша, қылмыстық топтардың аса құнды өнер туындыларына деген құштарлығының себебі баяғы өз басының қамы көрінеді. Туындыларды сақтандыру компанияларына қайта сату және есірткі сату үрдісінде кепіл ретінде қолдану әдістерімен қатар, өнер туындыларын қылмыстық топтар басшыларын түрмеден аман қалу үшін пайдаланатын көрінеді. Яғни, қандай да елдің соты жоғалып кеткен өнер туындысын жұртшылыққа қайтарып беру үшін, қылмыскерлердің "айырбас" шартын қабылдауға мәжбүр болады. Қылмыскерлердің Ван Гог шығармаларына деген елден ерекше ықыласы олардың суретшінің ешкімге ұқсамайтын қылқаламына деген махаббатын емес, қылмыскерлердің түрме атаулыдан өлердей қорқатынын көрсетсе керек :).

Амстердам, 2017

Қолданылған материалдар:


  1. «Van Gogh returns» брошюрасы, Ван Гог мұражайы, Амстердам қаласы, 22 наурыз 2017 жыл

  2. «Ван Гог мекеніне оралғанда, ұрлықшы шындықты жайып салды» мақаласы, Нью Йорк Таймс, 19 наурыз 2017 жыл

  3.  «Амстердамнан ұрланған 2 Ван Гог Италиядан табылды» мақаласы, Нью Йорк Таймс, 30 қыркүйек 2016 жыл

  4. Инго Валтер және Рейнер Метзгер, "Ван Гог", ТASCHEN баспасы, 2012 жыл