Зәуре Батаева. Дэвид Хокни: 60 жыл өнер жолында

Хокни 20 ғасырда көркем сурет өнеріне ғана емес, жалпы өнер саласына қатты әсер еткен Пикассо, Ван Гог сияқты, дәстүрлі бейнелеу әдістерін жоғары деңгейде меңгере отырып, өз шығармашылығында олардан мүлдем бас тартқан жаңашыл суретші.

Дэвид Хокни (Гугл суреттер жинағынан)

Зәуре Батаева

аудармашы, блогер



Шығармашылығы 60 жылдары басталған Дэвид Хокни – қазіргі замандағы ең белгілі суретшілердің бірі. Британияда туып өссе де, суретші ретінде өсуіне Америка себепкер болған Хокни жұртқа британдық және америкалық суретші ретінде белгілі. Суретшінің 60 жылдық еңбегін көрсету мақсатымен Лондондағы Тейт галереясы ұйымдастырған «Хокни» көрмесі 2017 жылдың 9 ақпаннан 29 наурызға дейін жүрді. Бұл сирек болатын үлкен көрмеге жолым түсіп, 15 наурыз күні барып қайттым. Көрмеден алған әсерім ерекше.

Дэвид Хокнидің туындылары оның аты-жөнін білмейтін адамдарға да таныс. Оның түрлі түсті геометриялық кескіндерден тұратын, жазық перспективалы суреттері коммерциялық мақсаттарда және күнтізбелерде көп қолданылады. Көгілдір бассейндегі су дірілі, түрлі түсті құрақ көрпе сияқты пейзаждар, 60-70 жылдар стиліндегі интерьерде отырған немесе тұрған жұптардың портреттері – Дэвид Хокнидің қолтаңбасы. Хокни – Лондондағы өнер академиясының ең үздік түлектерінің бірі және классикалық бейнелеу негіздерін терең меңгерген тамаша график. Оған қоса, көркем өнер тарихы мен бейнелеу әдістерін ұзақ уақыт зерттеген, сирек мамандардың бірі. Хокни 20 ғасырда көркем сурет өнеріне ғана емес, жалпы өнер саласына қатты әсер еткен Пикассо, Ван Гог сияқты, дәстүрлі бейнелеу әдістерін жоғары деңгейде меңгере отырып, өз шығармашылығында олардан мүлдем бас тартқан жаңашыл суретші.

Мамандар Хокниді барокко және кубизм элементтерін қатар қолданатын Поп өнерінің шебері деп атайды. Дэвид Хокнидің аты-жөні әрқашан Энди Уорхолмен қатар қолданылады. Себебі зияткер қауым суқаны сүймейтін поп мәдениетті өз пайдасына қолдана білген бірен-саран суретшілердің бірі – осы Дэвид Хокни. Энди Уорхолл таза жарнама саласын қамтыса, Хокни интерьер, экстерьер элементтерін және табиғат көріністерін стилизациялау әдісін тамаша қолдана білді.

Кураторлар көрмені хронологиялық тәртіппен ұсынылған 13 залға және 12 тақырыпқа бөлген екен. Көрменің әр залын аяқтаған сайын, көрермен суретшінің әр онжылдықта өзгеріп, уақыт талаптарына сай шеберлігін жетілдіре, барлық жаңа технологияларды қолдана отырып, өзіне ғана тән стильдік ерекшеліктерін сақтай білгенін терең түсінеді.

Бірінші 2 зал Дэвидтің балалық шағы мен студенттік кезіндегі және Америкадағы алғашқы жылдарына арналған. Бұл залдар оның көркем өнер жолындағы бірінші қадамдары және өзін өзі танып-білуге бағытталған туындыларға толы. Бұл жерде айтар кетер жәйт, Дэвид Хокни өзінің гей екенін жасөспірім шағында білген және 20 ғасырдың орта шеніндегі қоғамдағы кертартпа көзқарасқа қарамастан, ол болмысын ешқашан жасырмаған. Шынымды айтсам, мен өнер иелерінің жеке өміріне қатты үңілгенді онша ұнатпаймын, сондықтан бұл залдар маған аса қызықты болмады. Дегенмен, Хокнидің осы жылдары салған туындылары оның келешек қолтаңбасы үшін маңызды болғаны айқын. Лос Анжелестің Санта Моника ауданында тұрғанда Хокни өз ауласындағы бассейнді бірнеше мәрте салды. Бұл туындылардағы кейіпкерлерден гөрі, Хокнидің бассейннің тұнық бетіндегі су дірілі мен жарық шағылысын бейнелеу мәнері айрықша. Классикалық бейнелеу шеберлері теңіз толқынының күшін бақыласа, Хокни бассейндегі тұнық су дірілін кенеп немесе қағаз бетіне түсіру әдістерін көп іздеген.

Хокнидің шығармашылығы әр он жылдықта тақырыбы және әдістері тұрғысынан өзгеріп отырғаны қызықты. 60 жылдардың аяғында суретшінің туындыларында натуралистік сарын пайда болды. Бұл кезеңге арналған залды кураторлар «Натурализм бағытында» деп атапты. 70 жылдары салынған еңбектерінің көбінде Хокни үйдің ішін немесе сыртын фон ретінде қолданып, жеке адамдар мен жұптардың бейнесін көп суреттеген. Бұл кезеңде Хокнидің суретші және тұлға ретінде есейіп, үй тұрмысы мен тұрақты отбасы жайлы ойлана бастағанын естеліктерінде оның жақын достары да аз айтпаған. Осы кезеңде салынған жұптардың бет-әлпеті мен отырысы немесе тұрысынан олардың көңіл-күйін, қарым-қатынасын көрерменге жеткізе білу шеберлігі Хокнидің нағыз көркем өнер тілмәшіне айналғанын көрсетеді. 


Дэвид Хокни, "Менің ата-анам", 1977 (Гугл суреттер жинағынан)

Бұл бөлмедегі «Менің ата-анам» (1977) атты туындысында анасы Лора мен әкесі Кенис суреттелген. Жұмсақ та жылы түстермен бейнеленген минималистік интерьерде отырған екі егде адамның суретшіге деген көзқарасы екі түрлі. Анасы көзі мейірімге тола, тапсырманы тиянақты орындайтын оқушыдай суретшіге асқан жауапкершілікпен қарап отырса, әкесі ұзақ уақыт отыруға шыдамағандай, әлде ұлының кәсібіне деген қызығушылығын асыра көрсеткісі келгендей, «Арт және Фотография» кітабының бетіне үңілген. Кітап сөреде Марсель Прустың «Жоғалған уақыт ізімен» томдарының жанынан француз суретшісі Шарденнің альбомы жайғасқан. Суреттің жайлы фоны және тиімді қолданылған әр деталь автор мен сурет кейіпкерлері арасындағы түсіністік және туыстық байланысты айнытпай жеткізеді. Ата-анаға деген ерекше жылулық пен шексіз құрмет бейнеленген бұл туынды 2014 жылы Фэйсбук арқылы іске асырылған «Ұлы Британия таңдауы» сауалнамасында ең көп дауысқа ие болып, жаз бойы Ұлы Британияның ірі қалаларындағы билбордтардан көрсетілу құрметіне ие болды.

1990 жылдары Хокни көптеген көркем сурет шеберлері Ренессанс уақытынан бері бейнелеу үшін оптикалық құралдар қолданған деген теориясын ұсынды. Дәлел ретінде бірнеше еңбегін камера-люсида құралын пайдаланып салды. Бұл құрал суретшіге оптикалық нақтылықпен бейнелеу мүмкіндігін ұсынады, олай болса, осыдан бірнеше ғасыр бұрын әр заттың нақтылығын фотосуреттей жеткізе білген Ван Эйк пен Вермейердің құпиясын осы теориямен түсіндіруге болмай ма? Суретші зерттеулерінің нәтижесін «Құпия білім» атты кітабында жазады. Бірақ Хокнидің өзінің көзіне түскен қызықты нысандары әп-сәтте асқан нақтылықпен қағаз бетіне түсіріп алу шеберлігі оның өз теориясын жоққа шығарғандай. Бұл жылдары Дэвид Хокни қандай да нысанға жақыннан үңіліп, егжей-тегжейлі суреттеу әдісін көп қолданды. 

2000 жылдары Хокнидің шығармашылығында пейзаждар пайда болды. Суретшінің ұлғайған шағында қиялына әсер еткен Шығыс Йоркшир және Үлкен Каньон көріністері көлемді туындыларға себепкер болды. Бұл еңбектерінде суретшінің ұзақ ізденісі мен бейнелеу шеберлігі кемеліне жеткендей. Көрменің соңғы бөлмелерінде Хокнидің iPad қолданбалары сияқты соңғы технология құралдарын пайдаланып, көрерменді шеберхана құпияларына жетелеу тәжірибесі де орын алған.


"Британияның ғажайып қыраттары" жинағынан көрініс (фотосурет авторға тиесілі).

Көлемді кенептен кәдімгі телефон экранына көшкен Йоркшир қыраттарының бейнелері Хокниді мүлдем басқа қырынан көрсетеді. Бұл туындыларында Дэвид Хокни көру перспективасы, перспектива сызықтарының қиылысу нүктесі жайлы ойларын әбден іске асырды. Ежелгі қытай суретшілерінің бірнеше перспектива нүктесін қолданып, кеңістік аумағын ұлғайта білу шеберлігін Ренессанс заманынан бері каноникалық болып саналған итальян өнер сыншылары "перспективасы дұрыс емес" деп бағалаған еді. Дэвид Хокни перспектива жайлы дәстүрлі бейнелеу теориясында қалыптасқан бұл пікірмен мүлдем келіспейтінін ұдайы айтып жүретін, енді іс жүзінде жоққа шығарғаны анық. Әр мезгілде әр түрлі түстерін жайып салатын табиғат құдіретін Хокнидің қылқаламы қалт жібермейді. Осыншама түстерге бай табиғат көріністерін жұрт Ван Гогтан кейін тамашаламаған болар!

Лондон қаласы

15 наурыз, 2017 жыл

 

Қолданылған материалдар:

1. "Хокни" көрмесінің каталогы, Тейт Британия, 9 ақпан-29 мамыр, 2017

2. "Бейнелеу өнерінің тарихы: үңгірден компьютер экранына дейін", Дэвид Хокни және Мартин Гейфорд, 2016