Светлана Көбжанова. Суретші тағдыры – шығармашылық мұра тағдыры

Калмыковтың шығармашылық мәнерінің ерекшелігі сонда, ресми идеологияның ешбір параметріне сәйкес келмейтін туындыларды жазса да, оның республиканың бейнелеу өнеріне қомақты үлес қосқанын ешкім де жоққа шығармайды.

С.Калмыков. Автопротрет. 1949 қағаз, майлы бояу

 

Светлана Көбжанова

өнертану ғылымдарының кандидаты


Сергей Калмыковтың әдеби белгілермен синтездеп жазған шығармашылық қиялы – автордың аса зор көңілкүй шиеленісінде орындаған сызықтар мен образдардың және түстердің жұмбақ әлемі. Калмыковтың ұшталған шығармашылық даралығы, тәуелсіз көркемсуреттік тәжірибесі Қазақстан мәдениеті үшін айрықша құнды. Калмыковтың шығармашылық мәнерінің ерекшелігі сонда, ресми идеологияның ешбір параметріне сәйкес келмейтін туындыларды жазса да, оның республиканың бейнелеу өнеріне қомақты үлес қосқанын ешкім де жоққа шығармайды. Суретшінің талантына тән тәжірибелік бастама оның шығармашылығының барлық түріне қатысты. «Қалыптан» шығып кеткен, яғни, әдеттен тыс сыртқы келбеті, кескіндемесі мен мәтіндері, шығармашылығының тәуелсіздігі, «сызықтардың шексіз созыла беруі үшін уақыт түсінігінің алынып тасталуы», уақыт пен кеңістік кескіні, сызықтар мен технологияларға батыл тәжірибелер жасауы суретшінің «шынайылық миф секілді жаңғыру керек» деген пікірлеріне жауап берді.

Осыған байланысты біздің мемлекеттік институт ретіндегі музей менөз уақытынан озған талант арасындағы қарым-қатынасты атап өткеніміз маңызды. Т.Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясының, қазіргі таңдағы Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің интуициясы, тәжірибесі мен кәсібилігі Шебердің мұрасын тек сақтап және ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, әлемдік кеңістіктегі зерттеушілерге қолжетімді болуын қарастырып, оның шығармашылығының жарқын болашағына жол ашып берді.

С.Калмыков. "Қызыл аттар".1911 кенеп, майлы бояу

Мұны әсіресе социалистік кезеңдегі мәдениеттегі ойлау шабытының жалпы атмосферасымен байланысты деп ұққан жөн. 1930 жылдардың өзінде-ақ Суретшілер одағының көрмесі жайлы «келеңсіз түсінбестік тудыратын бұрышқа» (С.Калмыковтың шығармалары тұрған) қатысты пікірінде А. Орлов: «Оның жансыз үлгілеулері мазмұнына ешқандай көңілкүй тудырмайды, әрі ақылға сыймайтын шиеленісті көрсетеді» деп қорытындылаған. Әры қарай: «бұл картинаның мағынасы – жалаңаш, жансыз формалистік үлгіге салушылық» (пікірдегі айтылған сөз «Шешен-ескерткіш» жұмысы жайлы) деген.

Ресми ұйымдардың сыртқы тойтарысына қарамастан, суретші шығармашылығы, оның қиял әлемі түрлі категориядағы көрерменді қызықтыра түсті.

Мұрағаттық құжаттар бойынша біз қор тағдырын комиссия құрылған мезеттен бастап «1967 жылы 27 сәуірде қайтыс болған азамат Калмыков Сергей Ивановичтің қайтыс болғанынан кейінгі 1967 жылғы 27 маусымдағы тіркеу актісіне сәйкес Мемлекет кірісіне иесіз мүліктің тапсырылуына» дейін бақылай аламыз.

Мүлік тіркеуінен галерея қызметкерлерінің соншалықты үлкен жұмыстардың атқарғаны анық көрінеді: суретшінің көзі тірісіндегі бейнелеу өнері туындыларының (3000-ға жуық), әдеби күнделіктері мен кітаптарының ауқымды санағы реттеліп, қарастырылған.

Суретшінің аса бай мұрасы пәтерінің барлық кеңістігінде бумаларда, орамдарда сақталған, бірақ Т. Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік галереясының комиссиясы болашақ ұрпаққа суретшінің барлық жұмысын сақтап қалды. Кітаптары Суретшілер одағына берілді, ал шығармалары құжатқа сәйкес келесі ретпен таратылды:

«Қайтарымсыз табыс етілсін:

  1. Суретшінің шығармашылық қызметінің бастапқы кезеңі өткен Орынбор бейнелеу өнері музейіне – 165 жұмыс;
  2. Мемлекеттік Орыс музейіне –граверлік кабинетке – 5 графикалық жұмыс;
  3. А. С. Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейіне – 130 жұмыс;
  4. Павлодар облыстық кеңес өнері музейіне – 130 жұмыс;
  5. Республикалық Жүйкеауруларытарихы музейіне (Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің сұрауына сәйкес);
  6. Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағатқа –нобайлармен эскиздер – 1467 жұмыс».

Сонымен, Жүйке аурулары институтынан медицинадағы ғылыми зерттеу негізінде өз қорларына шығармалар беру туралы ұсыныс түскен еді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда бұл коллекциялардың жағдайы белгісіз.

С.Калмыков "Киіз үй бейнеленген пейзаж" 1958 картон майлы бояу

Т.Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік галереясының басшылығы атынан Л.Плахотнаяның Мәскеудегі А.С.Пушкин атындағы Музейдің директоры И.А.Антоновамен жазысқан хаттары үлкен қызығушылық тудырды. Л. Плахотнаяның С.Калмыков туындыларын Мәскеу музейінің қорына беру туралы ұсынысына олардан «...бұл суреттердің сапасы біздің коллекцияның көркемдік деңгейіне сәйкес келмейді» деп қорытындыланған жауап келген.

Орынбор көркемсурет музейіне берілген 165 жұмыстың әжептәуір көңіл жұбатарлық тарихы бар. Осы музейдің директоры С.Варламов Қазақ КСР Мәдениет министрлігінен қаланың сәулеттік келбетін сипаттайтын туындыларын беруіне рұқсат сұраған. Жыл өткен сайын аталған коллекция тарихшылар үшін тек аса құнды дерек болып қана қоймай, оның Орынборда өткен өмірінің жаңалыққа толы, тартымды кезеңін талдауға мүмкіндік беретін, өнертанулық маңызды зерттеулерге тақырып болатын пайдалы дүние болды. И.Смекаловтың 2012 жылы шыққан «Сергей Калмыков. Орынбор кезеңі.1893-1937» атты монографиясы – осының айғағы.

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде 1971 жылы М. Меллердің кіріспе мақаласы басылған каталогымен ашылған галерея залдарының алғашқы көрмелерінен бастап, С.Калмыковтың коллекциясымен көп жылдар бойы жұмыс істеп келеді. 1990 жылы «Искусство» журналында суретшінің алғашқы зерттеушілерінің бірі Алма Тілеумағанбетова: «соңғы уақытқа дейін оның шығармашылығына ешқандай маңызды зерттеулер болмаған. Тек баспасөз бетінде жарық көрген бірнеше мақала, Ю.Домбровскийдің естеліктері мен қайтыс болғаннан кейінгі қарапайым каталогы ғана... Сондықтан Калмыковтың шығармашылық мұрасы қалың көрермен мен зерттеушілерге әлі жеткен жоқ» деп жазды.

С.Калмыков. Фантастикалық натюрморт. 1946 Қағаз майлы бояу

Бүгінде С.Калмыковтың шығармашылығы белсенді зерттеу және насихаттық тәжірибе алаңдарына тартылуда. 1991 және 2005 жылдары В.Бучинскаяның кіріспе мақаласы енген альбомдар басылып шықты. 2003 жылы Санкт-Петербургтегі мемлекеттік орыс музейінде «Сергей Калмыков және 1920-30 жылдарғы орыс авангарды» атты экспозиция ашылды. 2006 жылы Мәскеудегі А.Пушкин атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері музейі залдарында «Сергей Калмыков. Менің ғаламшарым» атты көрмесі өтті. АҚШ-та А. Орлов Калмыков қорын құрып, аталмыш қор президенті Давид Маркиш суретшінің өмірі туралы «Ақ шеңбер» атты романын шығарса, 2003 жылы ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің арқасында «Өмір, шығармашылық, тағдыр» атты суретшінің күнделікті жазған жазбалары жарыққа шықты.Оның шығармашылығы О.Батуринаның, Р.Ерғалиеваның, С.Көбжанованың, Д. Шәріпованың монографияларында қарастырылған.

С.Калмыков. "Опера және балет театры". 1947.

Музей қорындағы бүкіл жұмыстарын бірінші рет тұтас қамтыған «Сергей Калмыков (Кескіндеме. Графика)» каталогындағы туындыларды зерттеу Сергей Калмыковтың ғаламын қайтадан ашуға, «идеялар ойлап табылмайды, тек сананың бетіне түйсік түбінен қалқып шығады» деп ұстанған жасампаздың тағдырын ұғынуға ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, С.Калмыковтың әдеби және көркемдік мұрасын мұқият зерттеу шебердің шығармашылығы кездейсоқ емес және саналы түрдегі дерексіз (абстрактылық) өнерді ұсынады деген анығырақ пайым жасауға алып келеді. Әр жылдары жазылған графикалық және кескіндемелік туындылары суретшінің сыртқы әлпеті мен ішкі көңіл-күйінің үздіксіз байланысын көрсетеді. С.И.Калмыковтың 1944 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан кеңес суретшілері одағына жазған өтінішінде «Алматы сюитасы» атты этюдтер мен композициялар топтамасын жасамақ ниеті байқалады: «Жұмыс барысында сәттіліктер мен сәтсіздіктер, қай жұмыс картинаға айналады. Алдын ала айта алмаймын. Бастысы, майлы бояумен жұмыс істеймін, бірақ сонымен қатар қарындашпен, қазқауырсынымен және қамыспен суреттер сызамын, гравюралар мен монотипиялар және бар... Түбегейлі көзқарастан бірнеше сөз – тиянақтау ұғымына қатысты. Уистлердің (ең сүйікті суретші ұстаздарының бірі) пайымдауы бойынша көркем шығармада бір тамшы тер де байқалмауы тиіс. Менің идеалым мен аяқталған дүнием еркін және қысылып-қымтырылмайтын, бірден сәтті шығатын пәк әрі көрікті дүние болуы керек. Бір деммен салынуы тиіс. Мұндай асқан шеберлікке жетудің жолы – тақырыпты көптеген нұсқада бірнеше рет қайталау» (ҚР ОММ, 1736-қор, 2-тізім, 12-іс. 86-94-п.).

С.Калмыков. "Қараңғы түнде" топтамасынан.1957

С.Калмыковтың өзіндік шығармашылық ойын жеткізуде әрқилы көркемдік міндеттердің шешім табуы өзінше бейнелеу құралдарының түрленуіне алып келді. Оның туындылары шешімдерінің алуан түрлілігімен  ХХ ғасырдағы кеңестік өнердің жалпы көрінісіндегі ортақ стильден айрықшаланып, бірден көзге түсіп тұрды. Жасампаздың жеке тұлғасы, даралығы, дүниетанымы суретшінің ізденістері мен өз ойын жеткізуіне негіз болады. Шебердің өзіндік көп қырлы стильдік туындыларында үстемдік еткен барынша жалпы және азаматтық сипаттағы дүдәмалдықтан кетіп, нақты өзінің дүниені қабылдау ерекшеліктерін неғұрлым дәлірек беруге ұмтылысы байқалды. С.Калмыковтың кез келген жұмысы ой-толғамдарының нәтижесі ғана емес, толғаныс процесі мен сезімдерінің қалыптасуы болар, сірә.

С.Калмыков

«Сергей Калмыков (Кескіндеме. Графика)» каталогы суретшінің құбылыстың мәнін түсінуге жақындатады. Туындыларының атауларымен, жоғары рухтағы жұмыстардың алуан түрлі орындау техникасымен мұқият танысу арқылы суретші, экспериментші, әдебиетші ретінде оның табиғаты бай, дара дарын иесі болғанына куә боласыз. Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ С. Калмыковтың шығармашылық мұрасын құнттап сақтап келеді: туындылары реставрацияланып тұрады, зерттеліп, көпке дәріптеледі. Музейдің ғылыми қызметкерлерінің зерттеулері республика мен шетелдің түрлі басылымдарында жарық көрді. Ә. Кастеев атындағы ҚР МӨМ-нің суретшіге арналған тұрақты экспозициясында шебер талантының даралығын айғақтайтын әр жылдарда жазылған туындылары ұсынылған. С.Калмыковтың шығармашылығы замандастарына айтарлықтай әсерін тигізбеді. Алайда ХХ ғасырдың соңына қарай Қазақстан суретшілері пластикалық жаңашылдыққа ұмтылып, шебердің қалыптастырған қағидасын қолданып, дамытты, сөйтіп, оның ізін жалғастырушылары пайда болды.

Ә.Кастеев атындағы ҚР МӨМ коллекциясы бір суретшінің шығармашылығының көлемімен-ақ ерекше. Сонымен бірге, музейдің замандастарының даулы көзқарасына қарамастан, құрметке бөленбеген суретшілердің жұмыстарын жинауын да үлгілі мысал етуге болады. С. Калмыков көзі тірісінде жеке шағын ғана жұртшылықтың арасында белгілі болып, жалғыздықта қайтыс болды. Тек музей қызметкерлерінің кәсіби интуициясы арқасында суретшінің мұрасы өңделіп, ұмытылмады. Заманауи үрдістер дәурені кешірек туып, жыл өткен сайын сұранысқа ие бола түскен С.Калмыковтың екпіні мен атқарған жұмыстарының соншалықты маңызды екендігін көрсетіп отыр. С.Калмыковтың шығармашылығының бастан-аяқ дамуында оның әлемдік мұраны зерттегендігін және осы бағыттарды ой бағамынан өткізу арқылы өзіне қиял мен экспрессияның еркіндігін ашқандығын байқауға болады. «Сергей Калмыков (Кескіндеме. Графика)» басылымында тек Қазақстандағы өнерге ғана емес, сондай-ақ, тұтастай әлемдік кескіндеме және графика өнерінің дәстүрінедеген көзқарасты кеңейтеді. Уақыт арақашықтығында С.Калмыков өз шығармашылығы арқылы өнер қозғалысын алдын-ала көре алғандығы айқындала түседі. Ұсынылған каталог арқылы абстракциялық түсініктердің өзіндік нақтылығы қалай қарқын алып бара жатқанын көрсететін суретшінің сол кездегі ұстанымындарына тереңірек қарауға болады. Әлемдік мұра нақты Калмыковтың шығармашылығымен ұлттық өнер формасымен үйлесімді өріліп, Қазақстанның заманауи мәдениетінің бөлігіне айнала бастады.

С.Калмыков көрмесі, Ә.Кастеев атындағы ҚР МӨМ

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет