Ақбота Алимхожина. Зорикто Доржиев па, әлде Дэмиен Херст па?!

Зорикто Доржиевтің жұмыстары бір жағынан қазақтың суретшісі Әбілхан Қастеевті еске салады. Бұл екі суретшінің ұқсастығы өз еліне, жеріне, халқына тән ерекше қасиетті шынайы сезінуі, өздерінің Отанына деген сүйіспеншілігі мен ыстық махаббаттарын суреттей алғандығында. Ә.Қастеевтің жұмыстары да өте жылы, таныс, жанға жайлы нәзік сезімдер туғызады.

Ақбота Алимхожина

Өнертанушы



Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі көрерменді Қазақстандық, Ресейлік, Батыс Еуропалық суретшілердің жұмыстарынан бөлек қазіргі заманғы әлемге әйгілі суретшілердің туындыларымен де таныстырып тұрады. Соның ішінде қазіргі уақытта музейдің экспозициясындағы аса қызықты, әлемге танымал екі суретшінің көрмелері қатар өтіп жатыр. Олардың бірі Ресейлік суретші Зорикто Доржиевтің «Дала тарихы» деген тақырыппен ашылса, екіншісі британдық Дэмиен Херсттің «Жаңа дін» атты көрмелері.

Осы екі көрмені салыстырмалы түрде қарастырудың өзі қызықты. Өйткені, көрмелердің бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей, бір-біріне мүлдем ұқсамайды, әрі идеялары әр түрлі.

Зорикто Доржиев бурят елінен шыққан азамат.

15388666_887426011393067_1666983774_o

Оның жұмыстары арқылы бурят елінің менталитетімен, тұрмыс тіршілігімен, ұлттық киімдерімен танысуға, тіпті сол елдің табиғатымен қауышуға болады. Көркем туындыларындағы басты тақырып – дала тарихы, дала әуені, яғни суретші өз елінің, жерінің табиғатын сезінуі, бағалауы, оны ауқымды түрде көре алуы. Бұл оның жұмыстарындағы образдардан, бейнелеген табиғатынан, берілген сюжеттерден, қанық түстерді ерекше пайдаланғанынан байқалады. Кенептері көрермен қабылдауында ерекше жылы әсер қалдырады, қуантады. Өйткені, туындыларда суретшінің қоғамға наразылығы, жан айғайы жоқ, керісінше нәзіктік, кейде карикатурамен байланыс байқалады.

Туындылардағы басты образ – көшпенді батыр, көшпенді халық. Тақырыпқа сәйкес бурят және қазақ, яғни екі елге ортақ қасиеттер туындай бастайды. Қазақ елі де көшпенді халық, міне осыдан бурят елі суретшісінің жұмыстарынан таныс образдар шығады, олар – көшпенді халықтың басты жылжымалы көлігі – жылқылар, садақ ұстаған мергендер, теріден тігілген киім үлгілері. Сонымен қатар Зориктоның әр туындысына ерекше дем беріп тұрған, табиғат құбылысындағы берілген образдармен еріп жүрген желдің құбылысы бір басқа. Жалпы суретшінің туындыларында өмір бар.

4-mausym

Зорикто Доржиевтің жұмыстары бір жағынан қазақтың суретшісі  Әбілхан Қастеевті еске салады. Бұл екі суретшінің ұқсастығы өз еліне, жеріне, халқына тән ерекше қасиетті шынайы сезінуі, өздерінің  Отанына деген сүйіспеншілігі мен ыстық махаббаттарын суреттей алғандығында. Ә.Қастеевтің жұмыстары да өте жылы, таныс, жанға жайлы нәзік сезімдер туғызады. Мүмкін оның жұмыстарын жинап алып  бурят елінде көрме ұйымдастырса, сол ел де қазақ елімен ұқсастық байқалып, оларға да Ә.Қастеевтің жұмыстары бір ыстық әсер қалдырары анық.

Осындай еріксіз жылы, тыныштық сезіміне бөленіп, тамсанып шығып, бірден британ суретшісі Дэмиен Херсттің көрмесіне кірсеңіз, тәтті түстен оятып жібергендей, түсініксіз бір әлемге тап боласың.

15310989_887426441393024_1427408080_oМұндағы әр түрлі формадағы дәрі-дәрмектердің топтамасы, адамның бас сүйегі, жүрекке ине мен өткір жүздер қадалған мүсін, крест, қан т.б. осы іспетті туындыларды көріп, бір сәтте бірнеше түсініксіз сұрақтар пайда болады.  Оларға жауап таба алмай, түңіле бастағанда, сұраққа толы көп жұмыстың арасынан қалықтап ұшып тұрған кептер мен қара фонда айқын шешім тапқан көк түсті әсем көбелектің фотосуреттерін көріп, бір сәтке тынышталғандай боласың.

15354116_887426404726361_904608920_o

Британдық суретші бірінші кезекте идеямен қызықтыра білетін философ іспетті. Оның көзқарасындағы «Жаңа дін» бұл –  ғылым мен діннің бір-бірімен байланысынан туындаған синтез. Яғни кәзіргі таңда, әсіресе медицина саласында  ашылып жатқан жаңа жаңалықтар; жүрекке ота жасау, жүрек немесе адамның басқа да органын ауыстыру мүмкіншілігі, ести алмайтын адамдардың жаңа ойлап табылған құралдың көмегімен ести алуы, көзі көрмейтін жандардың медицина, ғылымның көмегімен көре алуы, сонымен бірге дәрінің күшіне сену, оның көмектесетініне нық сенімді болу арқылы бұл жерде басты екпін – сенімге жасалынып, сол сенімнің негізінде құрылады. Мұнда әрине өлім тақырыбы да қозғалады. Адамның бұл дүниеден қашан, қай уақытта, қандай жаста кететіні белгісіз. Он екі жастағы баланың бас сүйегі соның айғағы сияқты, яғни адам тіпті балалық шағында немесе қартайып  90-ға келіп те өмірден өтуі  мүмкін.  Сондықтан адам әрқашан өлім жайлы ойлану керек, әр өмір сүріп жатқан сәтін бағалау керек, босқа жіберіп алмау керек деген секілді астарлы ойға шақырады. Міне, осындай күрделі ойды, тақырыпты суретші дәл осындай мәнерде береді. Бұл оның жеке көзқарасы және ол адамды таңқалдырмай қоймайды.

15369735_887426481393020_800384877_o

Көрмені біртіндеп түсіне бастанда ғана, суретшінің айтқысы келген ойын қабылдай бастайсың және оның осындай қарапайым да, өте күрделі заттармен жеткізуі біз үшін өте қызық.  Бір жағынан үйреншікті бейнені көріп үйреніп қалған біздің қоғам үшін жаңалық болып көрінеді. Бұл жерде «сенім» суретші шығармашылығының басты тақырыбына айналып отыр. Яғни, суретшінің айтар ойы, қазіргі таңда ғылымда да діндегідей сенім бар, мүмкін ғылым соңғы  үміт шығар деген ойға қаласың. Сонда ғылым мен діннің бір-бірімен тығыз байланысқанының әсерінен «Жаңа дін» пайда болуы мүмкін бе деген тағы бір сұрақ мазалайды.  Оның жауабын іштей әр көрермен өзінше шешер...

Міне, өмір мен өлім тақырыбындағы екі суретшінің жұмыстарының айырмашылығы осындай. Шығармашылықтары бір-біріне мүлдем сәйкес келмесе де, екі суретшінің көрмесі көрерменге  айтарлықтай әсер қалдырары сөзсіз. Мұндағы ортақ үйлесім өмір мен өлім тақырыбының тарқатылуы, олардың мейлі әртүрлі техникада шешім тапқан туындыларға арқау болуы.  Көрмелер өзін тамашалаған көрерменнің ойын біраз уақытқа дейін мазалайтыны анық.