Мақала
Қазақстан заманауи қолданбалы өнерінің «Көктем әуені» атты көрмесі ашылды
ҚР Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі наурыз айының 20-нан мамыр айының 20-на дейінгі аралықта музей қорынан Қазақстан заманауи қолданбалы өнерінің «Көкем әуені» атты көрмесін ұсынады.
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 28.03.2018
Мақала
Қазақстан заманауи қолданбалы өнерінің «Көктем әуені» атты көрмесі ашылды
ҚР Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі наурыз айының 20-нан мамыр айының 20-на дейінгі аралықта музей қорынан Қазақстан заманауи қолданбалы өнерінің «Көкем әуені» атты көрмесін ұсынады.
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 28.03.2018
Қазақстан заманауи қолданбалы өнерінің «Көктем әуені»  атты көрмесі ашылды
А.Қырықбаева Қызғалдақтар жүн, тоқыма 2004

Көрмеге Қазақстан сәндік-қолданбалы өнері танымал шеберлерінің 100-ден астам туындысы қойылды. Бұлар – гобелендер, теріден жасалған көздің жауын алатын картиналар, киіз паннолар, витраждар, қыш, фарфордан жасалған сәндік мүсін, кесте, күмістен және мельхиордан жасалған әшекей бұйымдары.

Р.Қожахметов Кимоно Қыш, глазурь 2008

Қазақстан гобеленінің тарихы 1930-жылдардан бастау алады. Сол уақыттарда «Кілемші» артелінің жанынан гобелен дайындайтын шеберхана ашылған болатын. Эскиздерді жасауға  көптеген белгілі қазақстандық суретшілер Н.Цивчинский, Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Г.Ысмайыловалар ат салысты. Жұмысты қазақ қол тоқымасын жақсы меңгерген шеберлер орындады. Гобеленнің ұлттық мектебінің дамып, гүлденуінің келесі сатысы ХХ ғасырдың 70-жылдарына сай келеді. Оның негізін салушы – ұлттық дәстүрді  жаңашыл идеялармен үйлестіру арқылы  өзіндік және қайталанбас авторлық стилін қалыптастырған сирек кездесетін бірегей дарынды суретші Қ.Тыныбеков (1947-1980).

Е.Панфилова Теңіз шамот, глазурь, жапсыру 1974

Қазақстан гобеленінің дамуына Б.Зәуірбекова, И.Ярема, Е.Данилова, А.Иханова,       К.Жұбаниязова, Ж.Крупко, Е.Николаева, А.Обедин, Ә. және С.Бапановтар, Р.Базарбаева, М.Мұқанов, Л.Қалымова, Р.Естемесов, Г.Жураева, А.Қырықбаева және т.б. зор үлес қосты. Олар өз туындыларында ежелгі көшпелі мәдениет тарихына ден қояды, Қазақстан табиғатының ерекшелігі мен сұлулығын суреттейді, өз замандастарының еңбек күндері мен өмірлерін баяндайды. Кескіндемелік картиналар сияқты, күрделі кеңістіктік және колористік міндеттерді шешеді, көп тұлғалы, тақырыптық, кейінірек абстрактылық-сиволикалық композицияларды түзеді.

Г.Кәрібжанова Күн-түн керуені жүн, басу 2017

Көптеген қазіргі заман суретшілері киіздің жаңа пластикалық және декоративтік мүмкіндігін аша отырып, осы материалмен өнімді жұмыс істеуде. С.Бапанованың «Күн» атты жұмысы (2003) көне түркі мифологиясы негізінде жасалып, терең философиялық мазмұнға құрылған. Киіздің бірден көзге түсетін ақ және қара түстік қарама-қарсылығы монументалдық композицияға құпия сипат береді.

Бірегей, патенттелген «құшкөн» техникасының авторлары Ж.Үмбетов пен  А.Иханованың теріден жасаған бедерлі картиналары ерекше ықылас аудартады. Суретшілердің шығармашылығында салқынқанды әрі аса әдемі түстік гаммада шешімін тапқан пейзаж маңызды орын алады. Бұл картиналарда осы өмірдің шекаралары тарих қойнауының тереңіне сіңіп, жоқ болып кетеді... («Балбалы», 1991; «Полярная звезда». 2004).

Сәукеле Ақ түсті металл, ақық, маржан Ширатпа, түйіршіктеу, өрме, қалып, алтындау 2000

Мұхамеджан Зейнелхан Моңғолияда туып-өскенімен, өзінің тарихи діңгегін сақтап қалған. Оның картиналары кестенің өзінше суреттің линеарлығымен керемет синтезделуімен және түстік реңктердің нәзік нюанс табуымен көзге түседі. Бұл колориті жағынан талғампаз ғажайып жұмыстар ине мен түсті жіптердің көмегімен емес, графикалық техникада орындалған. («Коркыт», 1999;  «Мелодии степи», 2003).

1970-жылдардағы заманауи Қазақстан зергерлік өнері И.Брякин, Ғ.Жалмұханов, Л.Игошин, Л.Шкляев және т.б. шеберлерден бастау алады. Олар күміс пен мельхиордан жасалған зергерлік жинақтарын жасап, өз шығармашылықтарын жаңа эстетикалық мазмұнда толықтыра берді. Орындау техникасында жетістіктерге жетуге ұмтыла отырып, ширатпаны қолданды, асыл және жартылай тастардың табиғи сұлулығын баса көрсетіп, орындау техникасын жетілдіре түсті.

К.Жұбаниязова Шеберлер жүн, токыма 2007

Аға буынның эстефетасын жас металл суретшілерінің тұтас бір тобы жалғастырып алып кетті. М.Әлімбаев, Ө.Қаратаев, Н.Бектұрсыновтар ұлттық дәстүрде жұмыс істеуді қалады. Ал С.Бәшіров, А.Мұқажанов, С.Рысбеков, М.Қалилаевтардың шығармашылық диапазондары ауқымды тарихи-ақпараттық мәні бар зергерлік өнер аясына жатпайды. Кей кездері зергерлік әшекейлер өздерінің эстетикалық нәзіктігі мен сән-салтанатынан ажырап қалғандай. Шығармашылығы қазақ халқының бай мәдени мұрасымен үзілмес байланыс тапқан суретшілер ежелгі космология, сакралдық таңбалар, түркі руна жазулары, қазақтың ру таңбалары тақырыбына ден қойып,  соларға талдау жасайды.

Көрме ұйымдастырушылары – Ә.Қастеев өнер музейінің Сәндік-қолданбалы өнер орталығы.

 

А.Иханова Ж.Үмбетова Балбалдар тері, ағаш, Құшкөн техникасы 1991

Ю.Попов Керуен 3 мүсіннен тұратын сәндік композициясы қыш, глазурь, жапсыру

З.Береговая Жамбыл бисквит, фарфор, глазурь 1955

Сізге қызық болуы мүмкін: