Жанат Сейітхамзаұлы: Атамекен – шығармашылығымның арқауы

Суретші Жанат Сейітхамзаұлымен сұхбат

Сұхбаттасқан: Ұлан Байдаулет

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, «Өнертану» 3курс студенті 


Қайырлы күн, Жанат Сейітхамзаұлы! Табиғат дәмін таттырған шығармашылығыңыз бен өз өміріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

Рақмет, бауырым! Мен жалпы Қытай халық Республикасы, Алтай аймағында 1980 жылы дүниеге келгем. Ол жерден қазіргі таңда мықты кісілер шыққанұлы жазушылар, ақындарды айтпағанда бүкіл қазақ жұрты жақсы танитын Боксшы Қанат Ислам дүниеге келген жер. Қасиетті, табиғаты керемет жер болатын. Бала кезімнен сол табиғаттың ортасында көп жүргендіктен болар, суретші болуға ерте жастан назарым ауып,  нақ сол жерден басталды. Сол кезең мені суретшілік өнерге жетелеген болатын. Дегенмен, отбасылық жағдайларға байланысты үйден алысқа ұзап еш шыға алмадым. Бұл өнерден тысқары қалып қойдым. Бірақ, арманым өте биік болғандықтан сағымды сындырмай, 2013 жылы Алматыға келіп, Темірбек Қараұлы Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының «Станокты кескіндеме» мамандығына тапсырып, міне осы Ордадан дәріс алып жатырмын.

Өнер Ордамыздың 120 жылдығына арнап академия қабырғасында өткізген «Атамекен» атты көрмеңізге құтты болсын деймін! Бұл көрме Академиямыз үшін де, көрермен үшін де, әсіресе кәсіби шығармашылық әлеміне қадам басқалы тұрған сіз үшін де маңызды болды деп ойлаймын. Көрмеңіз жайында не айтасыз?

Бұл мәселеге келер болсақ бүгін міне 5 курс студенті болғандықтан, өнерімізді кәсіби тұрғыда шыңдауға бар күшімізді салып жатырмыз.  Шүкір алға қадам баса бастадық. Сондықтан, Академияны бітірмес бұрын мен біріншіден өзіме, екіншіден халыққа есеп беруіміз қажет деп шешіп, көрермен назарына «Атамекен» атты көрмемді ұсынған болатынмын. «Атамекен» деген сөз бұл жай ғана сөз емес. Ол осы екі елге деген сағынышымның дәлелі болып табылады. Көңілімдегі сағынышымды осы атамекен табғатын суреттеу арқылы тарқататындай сезінемі. Сол себепті де көрме менің әлеміме, таиғат әлеміне саяхат жасау болып табылады.

Ж.Сейітхамзаұлы "Алғашқы қар" 2017

Көрмеңіз қандай деңгейде өтті деп ойлайсыз? Өзіңіздің және көрермендеріңіздің көңілінен шықты ма?

Көрме негізінде жақсы деңгейде өтті деген ойдамын. Бұл ойыма көрмеген келген көрермендер дәлел болмақ. Өз жұмысыңды шеберхана көру бір басқа, көрмеде көру мүлде басқа. Мұндай сәттерде суретші үшін үлкен тәжірибе болмақ.  Одан тыс, көрме барысында көптеген суретшілермен тәжірибе алмасып, тіпті кейбір дүниелерді қайта сараптау мүмкіндігі туды. Сонымен қатар, келесі көрмемді жасауға деген жаңа жоспарлар  пайда болып, өзіме деген талапты да күшейткендей болдым. Негізінен көрермен тарапынан жақсы бағаға ие болып, өзім үшін болашақ жоспарларыма сабақ болды!

Сіз Қытай Халық Республикасы мен Қазақстанда да жұмыс жасап көрдіңіз. Осы екі елдегі жинаған тәжірбиеңіз бір-бірімен салыстыруға келе ме?

Негізінен маған екі жақтағы шығармашылығымда ыстық. Себебі, Қазақ «Су ішкен құдығыңа түкірме!» - дейді ғой. Қытайда мен осы өнер жолына алғашқы қадам жасадым және жаныма санысымен ыстық.  Кейін өнерімді шыңдау барысында Қазақстанға көшіп келдім. Қазақ өнері маған қанат бітірді. Туған жерім е келгеннің арқасында көптеген елдерді аралап, өнерімен таныстым. Бұл кезең осы  жетістігімен қымбат. Ал, Қытайда жүрген болсам мұндай бақыт маған бұйырмаған болар ма еді? Мүмкін өз өнерімді ол жақта жоғалтып та алар ма едім?  Қазақстанға келіп қана менің өнерге деген көзім ашылды. Атамекенімді әрдайым мақтан тұтамын!

Атамекен сізді қалай қарсы алды?

Атамекен өте керемет қарсы алды, ешқандай жатсыну байқамадым. Қазақ даласы болғандықтан шекарадан өткенде әлбетте жүрек қақты. Қанша дегенмен ата-бабамыздың сүйектері осы жерде қалды ғой. Содан болар мақтаныш, сағыныш және куаныш сезімдерін қатар кештім.

Мемлекеттен қандай да бір қаржылай көмек күтесіз бе? Мұның сіз үшін маңызы қанша?

Мені оқытып жатқан, кәсіби білім алуыма өлшеусіз үлес қосқан  осы мемлекет. Сондықтан, ендігі өнерімді осы мемлекеттің болашағы үшін жасағым келеді. Денім сау, бас аман болса өзімнің ұлтым үшін, табиғатым үшін жан аямай құлшынып, жақсы дүниелердің барлығын халыққа жеткізіп, өзімді шыңдай түскім келеді. Бергенімізден беретініміз көп қой халыққа. Мемлекеттен алумен қатар, өзіңде барды қайтарымсыз беріп те үйренген дұрыс қой. Біз алғанымызды тек өнерімізбен ғана қайтара аламыз. Бұл нағыз өнер адамына лайық ерлік деп білемін.

Бәрекелді аға, бұл ойыңызға мен де қосыламын. Әлемдік деігейдегі музейлермен танысу үшін өз қаржыңызға да шетелге шығып тұратыныңыз жайлы естуіміз бар. Бұл жағдайда қаржы мәселесін қалай шешіп жүрсіз?

Шүкір академияның арқасында біраз ел мен жерлерді көріп, көз аямызды кеңейтіп келеміз. Бірақ шығармашылық адамы үшін бұл да аздық етеді екен. Санаңды дамытып, шеберлігіңді арттыру үшін қосымша іздену керек. Бұл орайда шындығын айтсам маған қаржы жағы өте қиынға соғады. Бірақ оны сылтауратып, өмір ағынан қалыс қалуға болмайды. Әсіресе шет елге барғанда ел жеген тамақты жемеуге, ел киген киімді кимеуге тырсамын және оған ұмтылмаймын да. Қаржы үнемдеудің ең басты жолы осы. Қаржының көбісін материалға жұмсаймын. Аз тамақ жеп, көп сурет саламын. Әлі де солай.....

Белгілі бір мемлекеттік дағдарыстар Жанат Сейітхамзаұлының шығармашылығына өз әсерін тигізуі мүмкін бе?

Рақмет! Негізінен қай заманға көз жүгіртсеңізде шығармасы мықты өнер адамы өлмейді. Қандай кереғар қоғам немесе мәдени, мемлекеттік дағдарыстар болмасын күндердің бір күні жарқырап шығады. Яғни, өзіміздің тарихқа қарасақта қиындыққа толы өмірі бар өнер адамының шығармасы құнсыз қалған жері бар ма? Әрине жоқ. Сол дағдарыстар санамызды билемес үшін жан жүрегімізбен еңбек ету керекпіз. Ол үшін сіздің ішіңізде өнерге деген ұлы бір сезім болса, ол сізді мәңгі алдыға сүйреп отырады.

Өзіңіздің замандастарыңыздың ішінен сіздің ойыңызша ең мықты деген бес жас суретшіні атап берсеңіз?

Жас буыннан жақсы суретшілер қалыптасып келе жатыр. Олар көп қой. Дегенмен, ұдайы ізденісте жүретіндері деп  Оралбек Қабөкені, Шаттық Батанды, Мақсат Әлиді, Жұмағалиев Ақжолды, Нұрқожаев Алмасты атап өтсем болады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін осы суретшілердің бүгінгі ізденістері мені ерекше қызықтырады.

Бұл суретшілермен алдағы уақытта үлкен көлемдегі топтық жұмыстарды жасауға қалай қарайсыз?

Әрине, аталған суретшілермен бірігіп шығарма тудыруға әрдайым дайынмын. Біздің өнер енді ғана басталғандықтан, әлі де талай жасар еңбектеріміз алда. Сондай-ақ, алдағы уақытта бірігіп көрмелер ашу ойда бар дүние.

Шығармашылығыңыздағы кәсіби және рухани ұстазыңыз деп кімді атар едіңіз?

Қазіргі таңдағы кәсіби ұстазым ол – Жұмақын Қожақынұлы Қайрамбаев. Мен білім алып жатқан факультеттің ақсақалы, еліміздің ең сыйлы әрі ардақты өнер майталманы, шебер суретші әрі теңдессіз ұстаз. Сол кісінің тәлім-тәрбиесінде білім алып жатқаныма шексіз қуаныштымын. Ал, өзімнің рухани жан дүниеме ең маңызды тірек болып жүрген атақты «Атамекен», «Көкпар», «Домбыра үні» атты еңбектердің авторы Қанапия Телжанов деп білемін. Өкінішке орай ол кісі 2013 жылы бақилық болып кетті. Менің жүрегімде мәңгі орын алып қалғанын нық сеніммен айта аламын. Алдағы уақытта Қ.Телжанов шығармашылығы негізінде де  жұмыс жасап көргім келеді.

Сіздің осы өнер ордасына келуіңіз бен Қанапия Телжановтың қайтыс болуы бір жылда екен. Көріп және үйреніп үлгердіңіз бе?

Иә, Қанапия Телжанов мен оқуға түскен жылы үш айдан кейін көз жұмды. Осы аз уақытта көптеген жақсы қырларын бойымызға сіңіріп үлгердік. Өзін-өзі ұстауы, тік жүруі, жан-жақтылығы, кәрілікке бойсұнбауы қайран қалдырса, ерекше энергиясымен үнемі маңайына нұр шашып тұратын. Қанафия атамызды қазақ тарихындағы емес, әлем тарихындағы ең мықты суретшілер қатарына қосамын. Қазіргі таңда да сол кісінің шеберханасында білім алып жатырмын. Ол кісінің рухы әрдайым шығармашылығымды қолдап жүрсе деймін, ал бейнесі әлі жадымда.

Еңбектеріңізге қарап отырсақ негізін пейзаж жанры құрайды екен. Неге жаныңызға пейзаж жанры жақын болды?

Менің пейзаж жанрында көп жұмыс жасауымның себебі бар. Табиғатты кескіндеу арқылы мен өз жаныммен сырласамын. Оның үстіне әр адамның өзіндік эстетикасы бар. Ал оның суретке, түске деген сезімін, әсерін тек табиғаттан ғана ала аласыз. Егер табиғатта жүріп бұл нәрсені сезіне алмасаңыз, кейін ұлы картина жазамын деген бекер әңгіме. Табиғатты көп зерттеу қажет. Табиғатта жүріп сол табиғатты сызбаған суретші жоқ. Реңдік сезімнің бәрі табиғатта жатыр. Оны тек табиғаттан ғана алып, сол табиғаттан ғана үйренуге болады.

Осы жылы оқуды тәмамдағалы отырсыз. Дипломдық жұмысыңыз жайлы не айтсыз?

Иә, бұйыртса маусым айының 15 жұлдызында дипломдық жұмысымды қорғаймын. Бұл жұмысымның да тақырыбы «Атамекен» деп аталады.  Сол уақытта келіп тамашалап, бағасын бере жатарсыздар. Тағы да табиғат көрінісі, кең байтақ дала басты назарға алынбақ. Туындымның басты кейіпкері де өзіммін. Табиғат пен өзім арқылы адамның мінез-құлқын зерттеуге тырысып жатырмын. Сонымен қатар, төрт түліктің бірі ешкі де кездеседі. Айта бергеннен келіп көріп тамашалағандарыңыз жөн ғой. Оның үстіне алдағы уақытта осы адам мінезінің әртүрлі қырын зерттеп, кескіндеме өнерінде көрсету де ойда жүрген жоспарлардың бірі.

Әрине, барып көруге, қорғауға қатысуға тырысамыз. Осы орайда сіздің пленэрге көп шығатыныңызды білемін, сол туралы сұрасам деп едім. Біраз сыр тарқатсаңыз.

Плэнерге шығу әр суретшінің серігі ғой. Қытайда жүргенде де арнайы шықпасамда көзім түсіп, назарым ауған табиғат көріністерін кескіндейтінмін. Осы жағынан ол жақтағы тұртшылыққа біршама таныспын. Сондай-ақ шығармашылығыма қызығушылық танытып, арнайы тапсырыс беретіндерде баршылық еді. Осы табиғатпен сырластығымның арқасында туындыларыма сұраныс болатын. Біраз көрмелерге де қатысып көрдім. Алайда, кәсіби шеберлігімнің аздығынан, кейбір тұста мойындау керек білім таяздығынан болар көптеген көрмелерден тысқары қалып қалатынмын. Оның үстіне мен өзімді жарнамалаудан, танымалдылық пен қызылды-жасылды өмір деген сияқты дүниелерден қашып отыратынмын. Жеке жүріп жұмыс жасап, ешкімнің көзіне түспей жүргенді ұнатамын. Жаным тыныштықты қалайтын.  Тыныштықты сүюімнің себебінен болар әлі күнге дейін, тіпті кейде 15-20 күнге табиғатты зерттеуге жалғыз плэнерге шығып отырамын. Сонда табиғатпен жеке қалып мейлінше толық ашыласың, табиғат та саған барын төгіп салады.

Болашағыңызға кәсіби тұрғыда қандай жоспар құрдыңыз?

Диплом алғаннан кейін Қазақстан азаматтығын алуым қажет. Біраз себептермен бұл арманым орындалмай келеді. Болашаққа үлкен жоспарым бар. Қазақ халқының жүріп өткен барлық жолдарын сөмкемді асынып алып аралап, зерттеп, көркем туыныдлар жазсам деймін. Бұл жоспарым бойынша он жыл көлемінде ел төңірегіне  саяхаттап, қорытынды ретінд Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде үлкен «Атамекен» атты көрме ашуды армандаймын. Қайталанбас туындылар жазатыныма да сенемін. Ол үшін өзіме біріншіден денсаулық тілеймін. Сол кездегі жұмыстарымның барлығы классикалық бағытта болады деген ойдамын. Өлмейтін жұмыс жасау менің басты мақсатым!

Жас буын суретшіден он жылда немесе жиырма жылда үлкен буын суретшілер қатарына ауысасыз.  Сол кезде сізді қай бағыттағы және қандай суретші ретінде көре алуымыз мүмкін?

Өзімді сол уақытта реалистік бағыттағы суретшілер санатына жатқызамын. Үлкен көлемдегі тарихи тақырыптарға да қалам тартып, тарихи ақтаңдақтарды да зерттегім келеді. Әсіресе, «Ақтабан шұбырынды» тарихи тақырыбына өзім айтып өткен 10 жыл көлемінде үлкен көрме ашу жоспарымда бар. Адам психологиясының шиеленіскен тұстарын осындай тарихи картиналар арқылы ашқым келеді.

Ашық жарқын сұхбатыңыз бен риясыз әңгімеңізге алғысымды білдіремін! Болашақта ел қызығарлықтай суретші болуыңызға тілектеспін!

Рақмет, Бауырым! Бұл менің Қазақстандағы алғашқы сұхбатым. Алдағы уақытта үлкен жұмыстар атқара бер! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Елімізге риясыз қызмет етейік, тек қана алға!

25 Мамыр 2018
271
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет